Кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімі күшін жойды. Астананың апелляциялық сот алқасы кәсіпкерді кінәсіз деп таныса, ол моральдық шығын мен сот процесі барысындағы материалдық шығынды өндіріп алуға құқылы, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.
Адвокат Джохар Өтебековтің айтуынша, сот үкімі бойынша ақталған адам адвокаттар, сарапшы мен мамандарға жұмсалған қаражат, олардың жолақысы, тұрған пәтері секілді шығындарды өндіріп алу үшін дәл сол сотқа жүгіне алады.
Сондай-ақ осы аралықта алу мүмкін жалақысын да өндіруге өтініш бере алады.
«Сондай-ақ ақталған адам қылмыстық жауапкершілікке тартқаны, бұлтартпау шараларын қолданғаны үшін моральдық шығынды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгіне алады», – дейді адвокат Өтебеков.
Адвокаттың айтуынша, ақталып шыққан азаматтар сот жүйесімен қайта байланысқысы келмей, талап арыз жазбайды. Ал талап арызы қанағаттандырылса, шығынды Қаржы министрлігі мемлекеттік қазынадан төлейді.
Айта кетейік, Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды.
Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталған еді.
Сотталғандарға қатысты үкімнің күшін жоюға Ресей тарапынан «ҚазТрансГаз» АҚ-ға ұсынылған газ бағасы туралы бастапқы деректердің болмауы себеп болды. Мәмілеге сәйкес «ҚазТрансГаз» АҚ «Азия-газ Чунджа» ЖШС-дан мың текше метр газ үшін 167,32 доллардан 176,98 АҚШ долларына дейінгі бағаға газ сатып алды.
«Үкім «Газпром» ЖШҚ мен «Қазмұнайгаз» АҚ арасындағы 2019 жылдың 12 шілдесіндегі кеңесудің хаттамасы болған деген болжамға негіздлеген. Ол жерде 18-тармақта мың текше метр газ үшін баға 145 АҚШ доллары деп көрсетілген. Бағаның айырмашылығын газдың бағасын көтеру арқылы жасалған ұрлық деп есептеген. Алайда сол хаттаманың түпнұсқасы жоқ. Хаттамада қол қоюшылардың аты-жөні көрсетілмеген, – делінген Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында.
Сондай-ақ оған қол қойғандардан қылмыстық істі қарау барысында жауап алынбағаны айтылды.
«Оған қол қойған адамдардан іс бойынша жауап алынбаған және олардың бар екені расталмаған. «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлерінің хат алмасуынан алынған бұл хаттама жобасының электрондық көшірмесі оның түпнұсқа екенін дәлелдеу үшін жеткіліксіз», – делінген құжатта.
Істе 2019 жылдың 12 шілдесіндегі хаттаманың түпнұсқасы бар, ол құжатта 17 тармақ көрсетілген. Алайда 145 АҚШ долларына газ сату көрсетілген 18 тармақ ол құжатта жоқ.
Мұндай жағдайда сот үкімі жойылады, ал қылмыстық іс апелляциялық сатыда қаралады.