Қазақстанның үш мұнай өңдеу зауыты ішінара тоқтады: Энергетика министрлігі елде жанармай тапшылығы болмайтынын мәлімдеді

Жарияланды
АНПЗ
Фото: АМӨЗ

Атырау мұнай өңдеу зауыты апатты жағдайға байланысты тоқтады. Бұл жағдайды зауыттың баспасөз қызметі де растады.

«07.03.2023 жылы сағат 17:25-те «KEGOC» АҚ-да электр қуатының үзілуіне байланысты «АМӨЗ» ЖШС зауытының жұмысы тоқтады. Төтенше жағдайды болдырмау үшін сыртқы электрмен жабдықтау жүйесі толық тұрақтанғанға дейін зауыттың отын желісі технологиялық регламентке сәйкес алау жүйесіне бағытталады. Ақауларды жою нәтижелері кейінірек жарияланады», делінген баспасөз хабрламасында.

Артынша Энергетика министрлігі Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытындағы жағдайға қарамастан жанар-жағармайдың жеткілікті қоры бар екенін хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі электр қуатының терең сөндірілуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық және қосалқы нысандарында апатты тоқтау орын алғанын хабарлайды. Төтенше жағдайларды жою және оқшаулау жоспарларының талаптарына сәйкес нысандар тоқтатылып, технологиялық газ алау қондырғыларына жіберілді. Электр қуатының өшіп қалу себептері анықталуда, қосымша ақпарат беріледі», – делінген дүйсенбі күні таратқан хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, АИ-95 бензинін өндіруді шектеумен каталитикалық риформинг қондырғысының катализаторын регенерациялауды ескере отырып, Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта республика бойынша жанар-жағармайдың жалпы цистерна парктеріндегі, жолдағы және мұнай өңдеу зауытындағы цистерналардағы қоры жеткілікті.

Атап айтқанда, АИ-92 бензині – 351 мың тонна, бұл елдің 23 тәуліктік қажеттілігін өтеуге жетеді, АИ-95 – 46 мың тонна 15 күннің, дизельдік отын – 520 мың тонна 29 күннің қажеттілігін өтей алады.

«Жанар-жағармайдың қазіргі қоры еліміздің қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп, Шымкент пен Павлодар мұнай өңдеу зауыттары жөндеуден шыққанша жеткілікті», деп мәлімдеді министрлік.

Естеріңізге сала ктесек, 21 маусым күні Павлодар мұнай-химия зауыты бір айға жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылған болатын. Зауыттың тоқтауына байланысты бензин және дизель отынының 37 мың және 47 мың тонна қоры жинақталғаны хабарланды. Бұл қор зауытты жөндеу кезінде жанармайдың уақтылы жеткізіліп отыруына жағдай жасайтыны хабарланды.  

Ал сенбі күні Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішінара жұмысын тоқтататыны хабарланды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша бұл жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейтіні, жетпеген көлемді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығаратыны айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз