Жаңалықтар

Қажылыққа барып, қамалған қазақстандықтарға қатысты СІМ түсініктеме берді

Фото kursiv.media

Фото: kursiv.media

Сауд Арабиясында қажылық парызын өтеуге барып, полиция учаскесіне түскен қазақстандықтар елге 5 шілде күні оралады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Брифинг барысында Смадияров Джиддадағы полиция бөлімшесіне түскен қазақстандықтардың барлығына консулдық көмек көрсеткенін айтты. СІМ түсіндіруінше, қажылыққа барған азаматтар Сауд Арабиясына туристік визамен келген. Ал қажылық парызын өтеуге арналған әр елдің мұсылмандары үшін арнайы квота негізіндегі виза қажет.

«Бас консул мен оның қызметкерлері дереу полиция бөлімшесіне барып, оларды босатуға және қонақүйге жеткізуге көмектесті. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл компания дәл осындай визамен 300-ден астам азаматымызды Сауд Арабиясына әкелген», – деді Смадияров.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 3 маусымдағы жағдай бойынша Медина қаласында қазақстандықтардың 2 тобы бар. Оның 18-і қарт адамдар. 5 шілдеде олар Қазақстанға оралып, өздерін алдаған туристік компанияны сотқа бере алады.

Сондай-ақ Айбек Смадияров 306 қазақстандықты туристік визамен қажылыққа жіберген туристік компания өкілі Сауд Арабиясында екенін және қазақстандықтарға көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, маусым айының соңында 100-ден астам қазақстандық қажылық парызын өтеу үшін Қағбаға бара алмағаны белгілі болды. Олар Сауд Арабиясында құжаттар мәселесіне байланысты ұсталып, полиция бөлімшесінде бірнеше күн тамақсыз, сусыз қамауда болған. Бұл туралы Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Президент қажыларға көмек көрсетіп, жауапты органдарға туристік агенттікпен айналысуды тапсырды.

Сәуір айында ҚМДБ Қажылық бөлімінің бастығы Жәнділлә Бекжігітовті туристік фирманы таңдау кезінде өте абай болу керектігін айтқан. Сонымен бірге ҚМДБ өкілі әрқашан қажыларға мемлекеттік лицензиясы бар және Діни басқарманың сараптауынан өткен туроператорлардың қызметтерін пайдалануды ұсынды. Лицензияны туризм және спорт министрлігі, ал қажылық орындарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы конкурстық негізде береді.

Ақпан айында да Мекке мен Мединаға барған қазақстандық туристер турлператорлардың кесірінен қиын жағдайға тап болған.