Жаңалықтар

Сауд Арабиясы 1-шілдеден бастап ерікті түрде мұнай өндіруді 1 млн баррельге қысқартады

Сауд Арабиясы 1-шілдеден бастап мұнай өндіруді тәулігіне 1 млн баррельге дейін қысқартады. Осылайша, көрсеткіш тәулігіне 9 млн баррельді құрайтын болады. Бұл соңғы жылдардағы ең төменгі меже, деп жазады Interfax.

Сауд Арабиясының энергетика министрі ханзада Абдулазиз бен Сальман бұл қысқарту 1 айға енгізілгенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар өндіріс көлемін қысқарту алдағы айларда да жалғасуы мүмкін екенін хабарлаған еді.

Бұл туралы ол маусым айының басында ОПЕК+ министрлерінің кездесуі барысында айтқан. Бұл кездесуде ОПЕК+ ұйымына кіретін бірқатар елдер үшін 2024 жылға өндіріс көлеміне қатысты шектеу белгіленген еді. Сонымен қатар, Ресейді қоса алғанда бірқатар ОПЕК+ елдеріне ерікті шектеу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды.

Айта кету керек Сауд Арабиясы мамыр айында тәулігіне 9,977 млн баррель мұнай өндірген болатын.

Ал, Ресей Үндістанға мұнай жеткізуден өткен айда рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Bloomberg дерегінше, экспорт көлемі маусым айында тәулігіне 2,2 миллион баррельге дейін ұлғайған. Көрспеткіш 10 ай қатарынан өсіп келеді.

Ал, маусым айының басында Сауд Арабиясы мұнай өндірісін қысқартқанын жариялағаннан кейін бірнеше сағаттан соң, мұнай бағасы 2%-ға көтерілді.

Investing.com деректеріне сәйкес, мұнайдың Brend сұрпы 75.29 доллар, ал WTI 70.52 доллардан саудаланып жатыр.