Фото: kursiv.media
Қазақстан Ұлттық банкі 5 шілде күні базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдайды, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2022 жылдың желтоқсанында көтерді. Былтыр банк базалық мөлшерлемені алты рет көтерген. Осылайша, көрсеткіш жыл соңында 10,25%-дан 16,75%-ға дейін өсті.
Бұл қадамдар елдегі инфляцияны бәсеңдетуге бағытталды. Биылғы үш отырыс қорытындысы бойынша ҰБ мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдырды. Ал 5 шілде күні банк базалық мөлшерлемені төмендетуі мүкмін. Бұл жайлы 15 маусымда ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында Ұлттық Банктің Төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.
«Ұлттық Банк екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені бірқалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастырады. Біздің шешіміміз бағалардың нақты өсуінің болжамды бағалауға сәйкес келуіне, жанар-жағармай және тұрғын-үй коммуналдық қызметтері бағасының өсуінен болатын жанама әсерін ескере отырып базалық инфляцияның тұрақты баяулауына, инфляциялық күтулер динамикасына, сондай-ақ 2024-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде бюджеттік қағиданы сақтауға байланысты қабылданады», деген болатын банк басшысы.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы базалық мөлшерлеменің ұлғаюына қарамастан, Қазақстан Республикасының экономикасы өсім көрсеткенін мәлімдеді. 2023 жылғы 1 тоқсанда бұл көрсеткіш 4,9% құрады, бір жыл бұрын ол 4,6% болған. 2022 жылы айналымдағы қолма-қол ақша көлемі 12,1%-ға өсті, нәтижесінде тұрақты тұтынушылық сұранысты қамтамасыз ете алды.
Базалық мөлшерлемеден кейін депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі өсті: заңды тұлғалар үшін – 7,4%-дан 14,4%-ға, жеке тұлғалар үшін – 8,0%-дан 13,3%-ға дейін көтерілді. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің өсімі төмендеді: 2021 жылғы 21,5% болса, 2022 жылы 17,3% болды.
Сарапшылар 2024 жылғы базалық мөлшерлеме 12% деңгейінде тұрақтайды деп болжайды.