Ұлттық қор балаларға: Президент жарлыққа қол қойды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 29 маусымдағы «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасын бекіту туралы» жарлығында:

«Нысаналы талаптарға төлем Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нысаналы жинақтарды аударуға және төлеуге байланысты төлемдер түрінде жүзеге асырылады. Нысаналы талаптар деп Үкіметтің 18 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары алдындағы міндеттемелері түсініледі. Жыл сайын ҚРҰБ-ның есепті жыл алдындағы 18 жыл үшін орташаланған инвестициялық табысының 50%-ы және есепті жылдың алдындағы 18 жыл үшін орташаланған инвестициялық табыстың осы сомаға жыл сайын есептелетін міндеттемелері кіреді», делінген.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, бұдан былай қарай Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі қазақстандық балалардың есепшотына аударыла бастайды.

14 маусым күні мәжілісте депутат Үнзила Шапақ Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінетінін айтты. Сонымен бірге инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау үшін оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде 2,6% мөлшерінде айқындау жоспарланып отырғанын да мәлімдеген.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Бала 18 жасқа толған кезде шоттан қаражат төлеу АҚШ долларымен жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз