Депутат Дәулет Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашып кеткен ұлы табылды

Жарияланды

Фото: Қорғаныс министрлігі

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашып кеткен ұлы Нұрасыл Болаттың қай жерде екені анықталды.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 3 шілдеде ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери полицияның әскери қызметшілерімен ұйымдастырылған бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгердің орналасқан жері анықталды.

«Әскери қызметші қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Аталған факт бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін қорғаныс министрлігі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткенін растады.

2023 жылдың 11 ақпанында Алматыда ерлі-зайыпты заңгер Олег Чернов пен Анна Димитриевичті ер адам ұрып соққан. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Содан кейін ұрған адамның Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз