МАЭК-тегі апат салдарынан бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққан

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Дүйсенбі күні болған МАЭК-тегі апат салдарынан тек АМӨЗ-дің жұмысы ғана тоқтап қалмаған, сонымен бірге бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққан. Бұл жайлы Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов айтты.

«Кеше түстен кейін сыртқы желілер тарапынан электр энергиясының өшуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтатылды. Дәл осындай себеппен Қарабатандағы газ-химия кешені «KPI inc» ЖШС-нің де жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылды», деді компания өкілі.

«ҚазМұнайГаз» өкілінің мәліметінше «МАЭК» энергия блогының апаттық жағдайда тоқтауы кеше «ҚазМұнайгаздың» бірқатар кәсіпорындарының ішінара немесе толық тоқтауына алып келген.

Атап айтқанда, «ҚазТрансОйл» желісі бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарындағы 11 мұнай айдау станциясының жұмысы тоқтаған. «Қаражанбасмұнай» АҚ бойынша – 2400-ден астам ұңғыма, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарында 1131 ұңғыма, Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 1809 ұңғыма жұмысы тоқтап қалған.

«Магистральды су құбыры» желісі бойынша 3 су сорғы станциясында су айдау тоқтаса, Өзенмұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 30 жерастына су айдау сораптары істен шыққан.

Кешегі апатты өшудің шығыны да үлкен. Дәулетжан Хасанов бұл салада электр желісіне қатысты апттар жиі болып тұратынын айтты. Соңғы 2,5 жылда электр энергиясын берудегі шектеулерге байланысты мұнайдың жалпы тапшылығы шамамен 280 мың тоннаны құраса, жоғалтылған пайда 60 млрд тенгеден асады екен.

«Апаттың әсерінен өткен тәулікте шамамен 10 мың тонна мұнай өндірілмей қалды. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының кәсіпорындары бойынша шектеулер шамамен 30% немесе 45 мВт құрайды. Жалпы, соңғы жылдары ҚМГ кен орындарында электр энергиясын авариялық ажырату санының тұрақты өсу серпіні байқалады. Мәселен, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 153 ажырату тіркелді, ал мұнайдың жалпы тапшылығы 74 мың тоннаны құрады. 2022 жылы ажырату саны 217-ні құрады», деді ол.

Қазіргі уақытта электр қуатын беру қайта басталып, зауыт қолда бар қорлардан мұнай өнімдерін жөнелтуді қайта бастаған. Компания басшылығы бұл жағдайдың елдегі жанармай нарығына теріс зардабы болмайтынын айтады.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты резервуарларында бүгінгі таңда 26 мың тонна автобензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1500 тонна сұйытылған мұнай газы, 6 мың тонна авиакеросин бар. Бұл көлемдер жеті күндік тұрақты жөнелтуге жеткілікті. Жалпы, еліміз бойынша бір айлық тұтынуға жеткілікті көлемде АИ 92 маркалы бензині мен дизель отынының қоры бар, ал АИ 95 маркалы бензиннің қоры екі аптаға жетеді», дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, 3 -шілде күні «ҚазМұнайГаз» компаниясы электр қуатын өшіру салдарынан бірнеше кен орнында мұнай өндіру жұмысы тоқтатылғанын хабарлады.

«Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) энергия блогының ажыратылуына байланысты Маңғыстау және Атырау облыстарындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарында мұнай өндіру жұмысы жартылай және толық тоқтатылды.   Ұңғымалардағы жұмыс электр қуаты қосылғанда қайта басталады», делінген хабарламада.

Павлодар мұнай-химия зауыты 20 шілдеге дейін жоспарлы жөндеуге тоқтатылғанын және Шымкент мұнай өңдеу зауыты   каталитикалық риформинг қондырғысында жұмыс істеу үшін 3 шілдеде ішінара тоқтатылғанын ескерсек те, зауыттардан мұнай өнімдерін жөнелту тоқтатылмайтынын мәлімдейді мамандар.

Естеріңізге сала ктесек, 21 маусым күні Павлодар мұнай-химия зауыты бір айға жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылған болатын. Зауыттың тоқтауына байланысты бензин және дизель отынының 37 мың және 47 мың тонна қоры жинақталғаны хабарланды. Бұл қор зауытты жөндеу кезінде жанармайдың уақтылы жеткізіліп отыруына жағдай жасайтыны хабарланды.  

Ал 1 шілдеде Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішінара жұмысын тоқтататыны хабарланды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша бұл жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейтіні, жетпеген көлемді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығаратыны айтылды.  Алайда Атырау мұнай өңдеу зауыты дүйсенбі күні МАЭК-тегі апатқа байланысты тоқтап қалды.

Сондай-ақ оқыңыз