Путиннің ұсынысы: ШЫҰ аймақтағы барлық қауіп-қатерге қарсы тұратын орталыққа айналдыру

Жарияланды

Шанхай ынтымақтастығы ұйымы басшыларының саммитінде Ресей Президенті Владимир Путин ұйымды аймақтағы терроризмге қарсы құрылымнан әмбебап орталыққа айнадыруды ұсынды деп хабарлайды Интерфакс.

«Терроризмге қарсылық, экстремизм мен діни радикализмге қарсы іс-қимыл, наркотрафик және өзге де контрабанданың жолын кесу, қылмыстық құрылымдармен күрес – ШЫҰ жұмысының басым бағыттары болып қала беруі тиіс», деді Путин видеоконференция тәртібінде өтіп жатқан ШЫҰ саммитінде.

Ол сонымен қатар, «ШЫҰ аймақтық антитеррорлық құрылымын қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің барлық түріне қарсы тұрумен айналысатын әмбебап орталыққа айналдыру туралы Ресей тарапының ұсынысын еске салып өткім келеді», деді.

Айта кету керек, бұл жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, ұйымды дамытуға қатысты пікірін білдірген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашуды ұсынды. Бұл жайлы президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтты.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық беделі жоғары. Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды. Жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын ШЫҰ – күн тәртібінде ауқымды мәселелерді қарастыратын бірегей еуразиялық ұйым. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы біздің мемлекеттеріміздің үлесіне тиесілі», деді президент.

Мемлекет басшысы саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адами ресурсқа ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі қоса алатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз