«Ашық бюджеттер» порталында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтер жобасы талқыланған.
Бұл жобаға жыл сайын республикалық бюджеттен айтарлықтай көлемде қаражат бөлінеді. Бюджеттік бағдарлама жобасын талқылау 19 маусымда басталып, 3 шілдеде аяқталған. Бюджеттік бағдарламаларың жетекшісі А.М.Молдагаринов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасының Кеңсесі Басшысы орынбасары.
Бағдарламаның мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке кітапханасының, мұрағаты мен мұражайыныңғ яғни канцеляриясының жұмысын ұйымдастыру, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен даму тарихындағы рөлі, сондай-ақ шығармашылық идеялар мен бастамаларын ақпараттық-имидждік насихаттау.
Міне осы мақсаттарға кітапхана 3 жылға қарыландырылуы тиіс. Құжатта көрсетілген мәліметтерге сенсек, жоба бойынша кітапханаға 2024, 2025, 2026 жылдарға республикалық бюджеттен айтарлықтай көлемде қаражат бөлінуі тиіс. Құжатта өлшем бірлігі мың теңгемен берілген. Құжатта көрсетілген әр соманың жанына мыңдық өлшемнің 3 нөлін қойып есептедік. Солайша елбасы кітапханасын қамтамасыз етуге 2024 жылға – 1 195 450 000 теңге, ал 2025 жылға – 1 328 275 000 теңге, 2026 жылға – 1 338 684 000 теңге кетеді.
Яғни мемлекет Елбасының иммиджіне 3 жылға 4 млрд теңгеден астан қаражат бөлінуі тиіс.
Ал бөлінген қаражат көмегімен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке кітапханасының, жеке мұрағатының, мұражайының 100% жұмыс істеуін қамтамасыз етілмек.
Жобаны талқылау 3 шілде күні аяқталған. Алайда, жобаға қатысты ұсыныстар мен пікірлер түспепті.
Бұдан бұрын, маусым айының басында Премьер министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі таяудағы бір жарым ай ішінде қайта құрылымдалатынын мәлім еткен болатын.
«Кеңседе жұмыс істеген адамдардың бір бөлігі басқа ұйымдарға ауысады. Ал қалған қызметкерлер жұмыстан қысқартылады. Кеңсе қайта құрылымдау сатысында. Менің ойымша, бір жарым ай ішінде мәселе шешіледі», – деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында Тұңғыш Президент Кеңсесі 2023 жылға арналған шығындарды 708,9 млн теңгеден 591,2 млн теңгеге дейін қысқарту туралы хабарлаған.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Кеңсесі 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Кеңсе кешеніне кітапхана, мұражай, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы кіреді. Үш жылға арналған бюджетте (2023-2025 жылдар) кітапхананы ұстауға 5,6 млрд теңге бөлінді.