Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды
Фото: kursiv.media
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды. Бұл жайлы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады«, делінген баспасөз хабарламасында.
Банктің базалық мөлшерлемені сақтауына әлемдік нарықта болып жатқан жағдайлар себеп болған. Жаһандық инфляциялық қысым бәсеңдегенімен, бірқатар елде инфляция әлі де орнықты күйінде қалған. Осыған байланысты дамыған елдердің орталық банктері монетарлық саясатты қатаңдатқан. сол себепті базалық мөлшерлемені сол күйінде қалдырған.
«Тәуекелдердің жиынтық балансы, негізінен, сыртқы сектор жағынан қысымның әлсіреуінен дезинфляциялық факторларға қарай аздап ығысқан күйде сақталуда. Алайда, базалық инфляцияның әлсіз баяулауы және инфляциялық күтулердің өсуі байыпты монетарлық саясатты іске асыруды талап етеді. Ұлттық Банктің алдыңғы коммуникацияларына сәйкес, инфляцияның баяулауы болашақта базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге жағдай жасай бастады. Осыған байланысты болжамды раунд нәтижелері бойынша қабылданатын келесі шешім аясында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені байыппен төмендетудің орындылығын бағалайды», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Банк келтірген мәліметтерге сенсек, жылдық инфляция болжамды диапазон шегінде қалыптасқан және 2023 жылғы маусымда 14,6%-ды құрады. Айлық инфляция мамырда төмендеу үрдісін қайта жалғастырып, маусымда 0,5%-ға дейін баяулаған. Сонымен бірге жанар-жағармай бағасы көтерілуінің жанама әсері де байқалмаған. Алайда, базалық инфляция көрсеткіштерінің әлсіз баяулауы экономикада орнықты сұраныстың сақталғанын көрсетеді.
Сыртқы инфляция баяулауын жалғастырғанмен, әлі де орнықты қалпында қалған. Соған байланысты кейбір орталық банктер ақша-кредит шарттарын қатаңдатуды жалғастырып келеді. Атап айтқанда, АҚШ ФРЖ мен ЕОБ риторикасы қатаңдап, негізгі мөлшерлемелердің одан әрі көтерілетінін білдірді. Орталық банктердің саясаты Қытай экономикасының баяу қалпына келуі аясында әлемдік рецессияға алаңдаушылық күшейтіп, мұнай бағасына қысым жасалған. Яғни мұнай нарығында құбылмалылық бар. Бұл да базалық мөлшерлемені сақтап қалуға себеп болған.
Ұлттық банк мәліметінше 2023 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстанның экономикасы 4,5%-ға өскен. Инфрақұрылымдық ғимараттарды қоса алғандағы құрылыс көлемінің артуы, сауданың өсуі, сондай-ақ ақпарат пен байланыс ЖІӨ-нің өсуіне негізгі үлесін қосқан. Дегенмен, проинфляциялық тәуекелдер, негізінен, ішкі факторлар жағынан сақталуда.
«Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі инфляциялық процестердің баяулауын қолдауға, мемлекеттік шығыстардың өсуін ішінара теңестіруге және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде тұрақталуын алдын алуға мүмкіндік береді. Дегенмен Ұлттық Банктің алдыңғы шешім бойынша коммуникацияларында айтылғандай, инфляцияның байқалып отырған баяулау үрдісі базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге жағдай жасай бастаған. Осыған байланысты болжамды раунд нәтижелері бойынша келесі шешім аясында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені байыппен төмендетудің орындылығын бағалайды. Ұлттық Банктің шешімдері базалық мөлшерлемені ортамерзімді болашақта инфляция бойынша 5% мақсатына біртіндеп жетуге мүмкіндік беретін деңгейде ұстап тұруға бағытталады», депхабарлайды баспсаөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 25 тамызда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.