Қазақстанда қайталама нарықтағы тұрғын үйлер 0,5 пайызға арзандады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы құлдырады. Ұлттық статистика бюро деректеріне сенсек, маусым айында бүкіл республика бойынша тұрғын үй құны 0,5 пайызға төмендеп, 486,9 мың теңгеге дейін арзандаған.

Жалпы бұл салада баға соңғы 4 айдың үшеуінде төмендеп келген. Тек мамыр айында ғана көрсеткіштер өзгермеді. Яғни, екінші кезектегі баспана ақпан айынан бері қымбаттаған жоқ. Қазір республика бойынша орташа есеппен алғанда пәтерлердің шаршы метрі жыл басындағыдан 2 пайызға арзан. Ал бір жыл бұрынғы көрсеткіштерден 1,9%-ға артық екен. Инфляция аясында осындай өзгерістердің болуын сарапшылар жақсы көрсеткіш санайды.

Сарапшылардың есебінше, маусым айында еліміздің 6 ірі қаласында қайта сату құны төмендеген. Пәтерлер қатты арзандаған қала – Көкшетау. Онда бағалар – 4,2%-ға түскен. Ал Ақтауда пәтер құны 2,5%-ға арзандаған. Бағалар төмендеген қалалар ішінде Алматы да бар. Мұнда бағалар 1,2%-ға түссе, Өскемен, Қарағанды ​​және Қостанайда – 0,4%-ға арзандаған.

Пәтерлердің арзандау тұсында бағасы керісінше көтерілген шаһар да бар. Талдықорған қаласында ресми статистика бойынша пәтірлер 1,1%-ға қымбаттай түскен. Ал қалған қалалардың барлығында маусым айында қайталама тұрғын үй бағасы өзгерген жоқ.

Ал жаңадан салынған үйлердің нарығына келер болсақ, мұнда соңғы айда 0,2%-ға бағалар көтерілген. Ал жыл басынан бері – 1,7%-ға өскен. Атап айтқанда, бағалар Қазақстанның 4 қаласында өскен. Семейде – 2,8%-ға, Шымкентте – 2,1%-ға, Талдықорғанда – 1,4%-ға, Ақтауда – 0,5%-ға қымбаттаған.

Ал Көкшетауда қайталама нарықтағы тұрғын үй мен қатар жаңа тұрғын үй де арзандап, соңғысының 1 шаршы метрге шаққандағы құны 3,1%-ға арзандаған. Ал басқа қалаларда бұл көрсеткіш өзгермеген.

Жалпы республика бойынша пәтерлердің бір шаршы метрінің орташа құны 486,9 мың теңгені құрайды.

Сарапшыдар аренаның да біршама арзандағанын анықтаған. Маусым айында бұл нарықтағы бағалар 0,5%-ға арзандаған. Алматыда – 0,8%, Қостанайда – 0,2% арзандаған. Ал Шымкентте – 0,9%-ға өсу байқалған. Жалға алу құны 1 шаршы метріне орташа есеппен 4633 теңгені құрайды.

Сарапшылардың деректеріне сенсек, Астанадағы жаңа баспана Алматыға қарағанда қымбат. Онда пәтердің шаршы метрі 587,4 мың теңге тұрады, оңтүстік астанадағы орташа көрсектіш 549,4 мың теңгені құрайды. Қайталама тұрғын үйлердің бағасы керісінше, Елордада арзандау.

Сондай-ақ оқыңыз