Бюджет қаражаты есебінен жеті жылда 65 мыңға жуық қазақстандық ипотекалық заем рәсімдеді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2016 жылдан бастап 2023 жылдың 30 маусымына дейінгі кезеңде «Отбасы Банк» АҚ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 664,71 млрд теңгеге 64,4 мың заем берді. Бұл туралы мемлекеттік бағдарламалардың операторы «Курсив» тілшісінің сауалына берген жауабында хабарлады.

Банк баспасөз қызметінің дерегінше, револвьерлік әдіспен 115,17 млрд теңгеге 12,4 мың заем берілді.

Айта кететіні, «Отбасы Банк» АҚ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, оның ішінде тұрғын үй заемдарының берілуіне бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.

«2005 жылдан бастап Банк мемлекеттік бағдарламалардың қаржылық операторы ретінде мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асыруға қатысады. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыларды несиелендіру үшін Банкке мемлекеттік бюджеттен – Республикалық бюджеттен, Ұлттық қордан, Ұлттық Банктен қаражат бөлінеді», – деп хабарлады қаржы институтында.

Бюджет қаражаты толық игерілгеннен кейін, Банктің бағдарлама қатысушыларына одан әрі берілетін алдын ала және аралық тұрғын үй заемдары бұрын берілген қарыздарды өтеу (қайта игеру) есебінен қалыптастырылатын қайтарымды қаражат есебінен жүзеге асырылады.

«Осылайша, бұрын берілген заемдарды өтеуден түскен қаражат мемлекеттік бағдарламалардың жаңа қатысушыларын тура сондай шарттармен несиелендіруге бағытталады», – деп түсіндірді «Отбасы Банк» АҚ баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қаржы министрлігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ жобаларды қаржыландыру үшін берілетін несие шарттарын бекітетіні туралы хабарлап, оның қаулысын «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

 «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамына алдын ала және аралық тұрғын үй қарызын беру үшін 12,2 млрд және 39,7 млрд теңге беріледі. 12,2 млрд теңгені банк 2 пайыздық несие (Бақытты отбасы бағдарламасы) ал 39,7 млрд теңгені 5 пайыздық несие беруге ( Шаңырақ бағдарламасы) жұмсайды», – деп көрсетілген құжаттың жобасында.

«Бюджеттік кредит қарыз алушыға «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында 231 «Алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 12197670000 (он екі миллиард жүз тоқсан жеті миллион алты жүз жетпіс мың) теңге сомасында беріледі», – деп жазылған құжатта.

Ал 39,7 млрд теңге 5 пайыздық несие беру үшін бөлінеді. Оның сыйақы мөлшерлемесі – 0,15 пайыз, ақша шотқа түскен сәттен 17 жыл ішінде игерілуі тиіс.

Айта кету керек, Ranking.kz дерегі бойынша, елдегі ипотекалық несиелердің 70%-ы Отбасы банкке тиесілі. Жалпы, биыл қаңтар-мамыр айларында елімізде 558,8 млрд теңгеге ипотекалық несие берілді. Оның ішінде жалпы соманың 70,4%-ы, немесе 393,3 млрд теңгені Отбасы банкі берген. Ал, 65,3%-ы осы банктің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша берілген несиелер екен.

Сондай-ақ оқыңыз