Криптоинвесторлардың түрлері мен стратегиялары: ұтымдысы қайсысы?
Кез келген криптовалютаның құндылығы ең бірінші кезекте соған сенім артқан инвесторларға тікелей байланысты. Күн өткен сайын бұл салаға қызығушылық танытып жатқандардың саны артып келеді. Себебі криптоактивтер сатып алуға қазір қолайлы кезең саналады. Капиталын сақтап қана қоймай, өсірудің бірден-бір амалы ретінде криптовалютаны қарастыратынымыз да сондықтан. Дегенмен бірден бас салып, ақшаны салып жіберуге болмайды. Өйткені жан-жақты зерттеп алмасаңыз түрлі қателікке ұрынуыңыз бек мүмкін. Осы ретте «Курсив» тілшісі криптоинвесторлар қанша түрі болатынына және стратегиялардың қайсысы ұтымды екеніне шолу жасап көрді.
Расында, криптоинвесторлардың бірнеше түрі бар. Оларды стратегияларына қарап, арнайы типтерге бөлеміз. Мәселен, бірі белгілі бір криптожобаның болашағы қалай болатынына еш болжам жасамастан, көзді жұмып қойып қаражатын салып жіберетін болады. Ал енді бірі нарықты тыңғылықты зерттейді, қарастырады. Сол арқылы өзі салған инвестицияның барынша өзіне пайдалы болғанын қалайды. Бүгін ең жиі кездесетін алты типке талдау жасаймыз.
For Fun типіндегілер
Әлемдегі барлық криптоинвесторларды қосып алғанда, ішінде осы топқа жататындарының саны көп. Әрі күн өткен сайын саны артып келеді. Дамушы елдерде мұндай For Fun тобына жататындардың дені білімді, тәжірибелі, кеңсе қызметкерлерінен тұрады. Олар криптовалюта туралы өте көп ақпарат біледі. Бірақ қалтасындағы қаражаты шектеулі. Бизнеске салып, бастап кетуге жеткіліксіз сомасы бар адамдар десе болады. Бұл топқа жататын таныстарыңыз айналада көп болуы мүмкін. Әлемде болып жатқан кейінгі жаңалықтың бәрін шолып жүретін, блокчейн, криптовалюта жайлы бәрін білетін, интернетте сағаттап отырып ақпарат жинайтын қасиеттері бар. Дегенмен бұған дейін айтқанымыздай, бұл адамдардың салатын сомасы өте аз. Delphi компаниясының бірнеше жыл бұрын жасаған зерттеуінің нәтижесіне қарасақ, 90 пайыздан астам адресаттың биткоин-әмиянында бар болғаны 0,1 BTC ($390) не одан да аз сома жатады екен.
Ходлерлер
Бұл топтағы инвесторлар типі «криптовалюта» түсінігі әлі толыққанды пайда бола қоймаған кездің өзінде шыққан. Ходлерлер категориясындағылар бірнеше уақыт бұрын бірнеше биткоин сатып алып қойған. Енді сол қашан миллиондаған ақша әкелер екен деп күтіп жүр. Мұндай инвесторлар онша көп деуге келмейді. Ходлер криптовалютаның құндылығына өатты сенеді, сөйтіп жинағын соңына дейін сақтайды. Бірі тиындарды саяси себептерге байланысты сақтаса, енді бірі қаржы жүйесінің болашағын осында деген оймен ұстайды. Көпшілігі биткоинды дижитал алтынға теңейді. Осылайша державалар тарапынан еш репрессияға ұшырамайтын, цензурадан ада деп есептейді.
Geek–энтузиастар
Криптоиндустрияда бірнеше жылдық тәжірибесі бар адамдар осы топқа жатады. Криптовалюта мен биткоин арқылы әжептәуір жетістікке жеткен. Жалпы алғанда бұл топтағылар криптовалютаның болашағы жарқын екеніне кәміл сенеді. Сонымен қатар, басқаларды да шақырып, айтып жүреді. Егер олардың ортақ сипаттарын іздейтін болсақ, көпшілігі қарапайым, басқалардан ерекшеленгісі келмейтін адамдар екенін байқаймыз. Өз жобаңызға осындай адамдарды қосып алғыңыз келсе, бірінші кезекте өзіңізде криптовалютаға деген сенім мықты болуы қажет. «Әлемді жақсы жаққа өзгертуді қалаймын» деп жүреді.
Алып киттер
Криптовалюта нарығындағы басты ниша осы алып киттерде десек болады. Олардың иелігіндегі сандық активтердің үлесі болса, жалпы көлемнің 40 пайызына жуық. Бұл инвесторлар типіндегілерде қомақты қаражат бар. Сол арқылы олар қалағанынша манипуляция жасап, одан қала берді басқа қатысушыларға өз талабын қоя алады. Оларды кит деп бекерден-бекер айтпайды. Алып болғанымен бірге, қаласа, төңкеріп жібере алатындай күшке ие. Жинағын әмияннан шешіп алып, биржаға құя салса, оның әсері қалың жұртшылыққа анық сезіледі. Мұндай инвесторлар инвестициямен кәсіби түрде айналысады. Басты артықшылығы сол — аналитиктер тобы өте мықты, кейбірінде жекелеген аналитиктері болады.
Миллионерлер
Бұл санат сонау 2015 жылдан бері бар. Бұл уақыт жұртшылықтың криптовалюта туралы естігенімен, көпшілігі қызығып, ақша сала қоймаған кез. Әрі оның құны да айтарлықтай қымбат болмаған еді. Сөйтіп жай ғана қызығушылықпен сатып ала салғандарды «миллионерлер» дейміз. Яғни еш пайда табуды көздемей, байқап көру үшін алып көргендер тобы. Кей инвесторлар өзінің сол кездері криптовалюта алғандарын да ұмытып кеткен. Дер кезінде қызығушылық танытқанының арқасында әжептәуір пайдаға кенеліп отырғандар. Бұлардың ішінде кейбірі аяқ-асты танылып кеткендері де, енді бірі бум кезінде бұрын сатып алған криптовалюталары туралы есіне алып, оны шын ақшаға айналдырып алғандары бар.
Классик инвесторлар тобы
Криптоинвесторлардың осындай алтыншы тобы бар. Бұларды жаңадан келгендер деуге келмейді. Дегенмен толыққанды бәрін білетін, киттерге де жатпайды. Дәстүрлі қаржы нарығының ойыншысы болып көргендіктен, бұларды классик инвесторлар деп атайды. Тамыр-таныс арқылы, әлдекімдердің ұсынысы бойынша осы топтағыларды тартып көруге болады. Бастысы, оларға криптоинвестиция туралы байыппен түсіндіруге дайын болсаңыз болғаны. Оларға міндетті түрде жол көрсетіп, демеп жіберу керек. Жобаларға қалай инвестиция жасау керегін дұрыстап айтсаңыз, нәтиже шығады.
Стратегияларға шолу
Қаржы нарығы шахмет ойынына ұқсас. Өйткені мұнда стратегия аса маңызды. Алда жүретін бірнеше қадамды алдын-ала жоспарлап, ойластырып қою керек. Ойда жоспар бар болса, шығынға әкеліп соғуы мүмкін біршама қателіктің алдын алуға болады.
Агрессив инвестициялау. Мұндай инвестор барынша табыс табу үшін барын салады. Активтердің сапасын шетке ысырып қоятыны да бар. Тәуекелге барудан еш қорықпайды. Бастысы, толағай табысқа жете алса болғаны.
Пассив инвестициялау. Келісімдер санын барынша азайту арқылы сыйақыны барынша көбейтуге негізделеді. Бұл бағыттағы ең танымал стратегияның бірі — «сатып ал да, ұстап отыр». Бұл инвестициялау идеясының мәні сол — болашағы бар деген активтерге ғана ақша салу.
Консерватив инвестициялау. Шығынды барынша азайту үшін тәуекелі де өте төмен деген нұсқаларды ғана ұстанатындар тәсілі. Мұндай жол арқылы демде байып кету ықтималы аз. Дегенмен инвестордың қажеті өтеуге жеткілікті.
Криптовалютаға инвестиция салғанда кездесуі мүмкін басты тәуекелдер
- Өте қатты құбылмалы нарық, болжам жасау өте қиын. Мысалы, инвестициялық кезең аяқталған соң оның бағасы алған кездегіден де әжептәуір түсіп кетуі мүмкін.
- Виртуал валютаның сақтау, пайдалану, айналымға жіберу секілді дүниелерде заңнамалы актілер мәселесі. Әлі біршама елде бұл актілер әлі толық қалыптаспаған. Сондай-ақ, салық салу мәселесі де көп елде түсініксіз. Сондықтан тыйым салатын декреттер не алымдар салынуы мүмкін. Соның кесірінен табыс табу қиындауы ғажап емес.
- Әмиянды әлдекімнің бұзып алуы не аккаунтты ұрлап кетуі мүмкін. Егер аппараттық қорды пайдалансаңыз, бұл мәселені шешуге болады.
Әр криптоинвестор өзіне ұнайтын стратегияны таңдап, тактиканы пайдаланады. Бір адамдар оны жай қызық үшін қолданса, енді бірі кәсіби түрде айналысуды әдетке айналдырған. Әрбір қадамын жазып, жоспарлап, анализ жасайтындар бар. Сондықтан бұл нарықты миллиондап табысқа кенеліп жатқандармен қатар, қорындағы бар ақшасын салып, банкрот болып жатқандар да кездеседі.