Маңғыстаудағы су тапшылығын жою үшін үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлінді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Маңғыстаудағы су тапшылығын жою үшін үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл жайлы Ақорда. хабарлады. 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы тұрғынының тұщы су тапшылығына қатысты арыз-шағымына назар аударды. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне аталған мәселені мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешуді тапсырды», делінген хабарламада.

Үкімет мәліметі бойынша бүгінде өңірдегі су тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Өңірде судың жетіспеушілігі тәулігіне 77 200 текше метрді құрайды. Ауызсудың тапшылығы, әсіресе, жаз мезгілінде қатты сезіледі. Осыған байланысты Мұнайлы ауданында күрделі жағдай қалыптасқан.

Сонымен бірге жағдайды «Каспий» су тұшыту зауытындағы сорғы қондырғысының істен шығуы қиындата түскен. Қазіргі таңда сорғыда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты аудандағы су беру мөлшері тәулігіне 13 мың текше метрден 10 мың текше метрге дейін азайып кеткен.

Күрделі жағдайға байланысты аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде су тұшыту зауыттары мен қондырғылардың құрылысы жүргізілуде. Халық санының жыл сайын өсуіне байланысты «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге арттыру қажет. Бұл ауызсу беру мөлшерін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды», деп хабарлайды баспсаөз қызметі.

Ал қазіргі уақытта Мұнайлы ауданын сумен «Маңғыстау жылу» МКК қамтамасыз етіп отыр. Ауызсу тапшылығына байланысты «Маңғыстау жылу» МКК халыққа суды құбыр арқылы кесте бойынша жеткізеді. Сонымен қатар суды аудан тұрғындарының сұранысы бойынша су таситын көлікпен әкеледі.
 
«Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобаның жүзеге асырылуы Мұнайлы ауданының ауылдары мен Қарақия ауданы Құрық ауылының тұрғындарын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге және су тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді.

Су тапшылығын астана халқы да сезді. Маусым айының басында Астанада су тапшылығы қатты сезіле бастады. Премьер-министрдің орынбасары, Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгінов «су болатынын» айтты.

Бұл мәселеге Тоқаев та ерекше назар аударып, «әкімге қысқа мерзімде тек сумен қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен қатар қаланың маңызды басқа да жүйелерінде дағдарыс жағдайын түбегейлі болдырмау үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдауды» тапсырды. 

Сейсенбі күні президент Астана халқын сумен қамту үшін Үкіметке Сәтбаев каналынан Астанаға дейін су құбырын тартуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз