Ұлттық Банк инфляцияның осы жылдың соңына қарай 11-14%-ға дейін баяулауын күтеді. Бұл жайлы «Әлеуметтік-экономикалық даму және 2023 жылғы қаңтар-маусымдағы республикалық бюджетті орындау қорытындылары туралы» үкімет отырысында ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин мәлімдеді.
«Қазақстанда инфляция маусым айында жылдық мәнде 14,6%-ға жетіп, төрт ай қатарынан төмендеуде. Маусымдық факторлардың айқын көрінуінен азық-түлік инфляциясының тұтыну бағаларының жалпы өсуіне қосатын үлесі азаюда», деді Тутутшкин.
Банк өкілінің пікірінше, азық-түлікке әлемдік бағаның одан әрі төмендеуі және сауда әріптес елдеріндегі инфляцияның төмендеуі инфляцияға тежеуші ықпал етеді. Дегенмен проинфляциялық тәуекелдер ішкі факторлар тарапынан сақталып отырғанын айтады маман.
«Ол – инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде орнығу ықтималы, фискалдық ынталандырудың күшеюі, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтері бағаларының өсуінен болатын барынша күшті жанама әсер етуі мүмкін», дейді Ұлттық банк өкілі.
Ол 5 шілдеде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдағанын да осы себептермен байланыстырды. Сонымен бірге АҚШ және Еуропа орталық банктері ақша-кредит саясатына қатысты қатаң риториканы сақтап отырғанын айтты. Дегенмен алдағы уақытта Ұлттық банк инфляцияның баяулауы аясында базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету мүмкіндіктері қарастырылатынын айтты.
«Болжамдық раунд нәтижесін негізге ала отырып, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім қабылдау кезінде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жан-жақты қарау арқылы төмендету орындылығын бағалайды», деді ол.
2023 жылғы маусым айында әлемдік нарықтарда оң үрдістер сақталып келетінін Қазақстанда инфляция Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес қалыптасқанын атап өтті.
Жалпы халықаралық резервтердің динамикасын тоқталған банк өкілі маусым айының соңында халықаралық резервтердің 94,3 млрд долларды құрағанын айтты. Ұлттық қордың активтері жыл басынан бастап әлемдік индекстердің өсуі салдарынан 7,4%-ға немесе 59,8 млрд долларға дейін ұлғайғанын айтты.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,1 трлн теңге сомасына трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап Ұлттық қордың 3,5 млрд долларға валюталық активтері сатылды. Қорға жыл басынан бастап түскен жиынтық қаражат 2,6 трлн теңгені құрады«, дейді Виталий Тутушкин.
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 1-жартыжылдықта 16,1 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 9,9%-ға көтерілген. Ондағы инвестициялық кіріс көлемі 588,5 млрд теңгені құраған.
Айта кету керек, Премьер министр Үкіметтің алдына биыл инфляцияны екі есеге төмендету туралы міндет қойып отыр.