Фото: ТЖМ
«Семей Орманы» МОТР ақпараты бойынша бүгін сағат 13-00-де Абай облысы Бородулиха ауданындағы орман өрті толығымен сөндірілді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Өртенген учаскенің ауданы 60 000 га құраған. Тартылған күштер мен құралдардың көмегімен бұл өрт 14 маусымда сағат 21:00-де оқшауланған болатын.
«Бұған дейін айтылғандай, өрт оқшауланып, ТЖМ күштері мен құралдары тұрақты жұмыс орындарына кеткен сәттен бастап оқиға орнында қайта өртену мүмкіндігін болдырмау мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман өрт станциялары кезекшілік (қарауылдау) ұйымдастырды. Өрттің бүкіл периметрі бойынша патрульдеу жүргізілді» делінген хабарламада.
Өрт көлемінің одан әрі ұлғаймай, таралуы тоқтағаннан кейін ғана оның оқшаулануы хабарланатынын атап өткен жөн.
Бұл ретте, өрттің қайта жануына жол бермеу бойынша шаралар қабылданып, оның жануы тоқтаған кезде өрт сөндірілді деп есептеледі.
Естеріңізге сала кетсек, 8 маусымда «Семей орманы» резерватындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында орман өртене бастады. Өрт ауқымы кеңейіп, елді-мекендерге қауіп төне бастаған соң, жақын маңдағы аудандардың тұрғындары эвакуацияланды.
Бастапқыда үш гектарға да жетпейтін жер болса, кейін өрт аумағы күрт ұлғайып, жүз гектарға жетті. Өрт адам шығынына әкеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл сапармен Абай облысына келді.
9 маусымда Семейде табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. 10 маусым күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильинді қызметінен босатты.
«Семей орманы» резерватында болған ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзіліп, кейін барлығының да қаза тапқаны белгілі болды. Бірнеше күн өткен соң өрт сөндіруге жалғыз кеткен тракторшының өлі денесі табылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бас прокуратурада Абай ауданындағы ірі өрт фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, министрлер мен әкімдерден өз шеңберінде жауап алатынын хабарлады.
ТЖМ баспасөз қызметі 14 маусым күні кешке 60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрттің оқшауланғанын хабарлады.