Фото: ОКҚ
Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында халық әкімнен не себепті қалада бордюрлардың жиі ауыстырылатынын сұрады.
Әкім бордюрлердің барлығы ауыстырылмайтынын тек қайта қоюға жарамайтындарының орнына жаңалары қойылатынын айтты.
«Жақында біз жолдарды жөндеу бойынша баспасөз турын өткіздік, журналистерге бордюрлердің қалай қашалатынын арнайы көрсеттік. Бордюр алынған кезде ол қашалып, тегістеледі, тазарған соң бұрынғы орнына қайта қойылады. Нормаларға сәйкес түзетілмейтіндері ауыстырылады. Алматы жолдарында бордюрлердің тек екі түрі бар. Бұл цемент-құмнан жасалғандар, олар алдымен персстеледі, содан кейін орнатылады. Олардың қызмет көрсету мерзімі 5 жылдан аспайды. Біз қыста жолдарды химиялық заттармен өңдейміз, арнайы техникамен тазалаймыз, өзге де мәселелер оның қызмет ету мерзіміне әсер етеді. Бордюрлердің екінші түрі граниттен жасалады. Олар – 10 жылдан 15 жылға төзімді», деді әкім.
Әкім әл-Фараби даңғылындағы бордюрлардың 20-25%-ын ауыстыру жоспарланғанын, бірақ 3%-ын ғана өзгертілетінін айтты.
Сонымен бірге тұрғындар жаңадан жол төселіп болғаннан кейін жерасты коммуникацияларын жөндеу жұмыстары басталып, жаңа жолдың сапасы нашарлайтынын да айтты. Әкім бұған:
«Өкінішке орай, қалада осындай проблема болды. Тіпті, асфальт төселгеннен кейін де, инженерлік коммуникацияларға қатысты мәселелер туындап жатады. Сондықтан, жол жамаулары, қайта асфальт төсеу сияқты қосалқы жұмыстар пайда болады. Идея және технология бойынша – алдымен барлық коммуникацияларды жөндеп, ретке келтіру керек, содан кейін ғана жол асфальт төселуі тиіс», деп жауап берді.
Әкім мұндай олқылықтардың орнын алып, жол сапасын сақтау мақсатында жер асты жұмыстары бұдан былай траншеялық емес, жолақ енімен жүргізіле бастайтынын айтты.
«Менің ізгі ниетім – қалада жақсы инфрақұрылымы бар сапалы жолдар жасау.
Бұрын мердігерлер газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз, электр және т.б. желілерін траншеялық төсеу жұмыстарымен қоса жүргізетін, соның салдарынан сапа болған жоқ. Осы жылдан бастап желілерді төсеу енді жолақтың бүкіл енімен жүреді. Бұл талапты қалалық мобилділік басқармасы әзірледі және ол жол төсемінің сапасын сақтауға мүмкіндік береді», деді Ерболат Досаев.
Шаһар басшысы жол мен бордюр мәселесін көпшіліктің өтініші бойынша өз назарында ұстайтінін, осыған байланысты жолдарды орташа жөндеумен айналысатын барлық компаниялармен жиналыс өткізгенін айтты.
«Онда барлық жинақталған мәселелер талқыланып, техникалық қадағалау аясында олардың қалай жұмыс істейтінін қадағалайтынымызды тағы да ескерттім. Осылайша, бордюрлердің 3-5%-дан аспайтын бөлігі ауыстырылады, қалғандары тазарған соң орнына қойылады. Магистральдық жолдарда полимердің алғаш рет қолданылатынын атап өткім келеді. Біз кем дегенде 10 жылға жарамды жолдарды салғымыз келеді», деді әкім.