Фото: kursiv.media
Бостандық ауданында 5 жаңа мектеп пен 2 балабақша ашылады. Бұл жайлы Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты.
Жалпы Бостандық ауданы бойынша 4077 оқушы орны тапшы. Аудан тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев бұл мәселені шешу үшін Сәтбаев көшесі, 101 мекенжайында №65 мектепке қосымша 300 орындық құрылыс салынып жатқанын хабарлады. Жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталады.
Ал қыркүйек айынан бастап сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №9 мектеп-интернат ашылады. Онда 120 орындық қосымша құрылыс аяқталуға жақын.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде «РАМС Қазақстан» құрылыс компаниясы «РАМС Сити» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің аумағында 1100 орындық мектептің құрылысын жүргізіп жатыр. 2024 жылдың тамыз айында аяқталады депкүтіліп отыр. Сонымен қатар, 240 орындық 2 балабақшаның құрылысын бастап, 2024 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған. Жыл басынан бері ауданда 657 баланы қамтыған 6 жеке меншік және 1 мемлекеттік балабақша ашылды», дейді Ерболат Досаев.
Сәтбаев көшесі, 90 мекенжайында «Конкрит продактс» ЖШС зауыты көшкеннен кейін осы жылдың қазан айында «Hit Building» ЖШС 900 орындық мектеп құрылысын бастайды. Тапсыру мерзімі шамамен 2024 жылдың тамызы.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарланған. Егізбаев көшесі, 9 мекенжайында 2 500 орындық мектеп салынса, Розыбақиев-Левитан көшелерінің қиылысында 1500 орындық және Розыбақиев – Қожабеков қиылысында 2 000 орындық білім ордасы бой көтерді. Бұл жұмыс келесі жылдың соңына дейін аяқталады», деді әкім.