Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы жүк тасымалдау 77%-ға артты

Жарияланды

Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) бойынша жүктерді тасымалдау көлемі артып келеді. Жыл басынан бері ТХКМ арқылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тасымал 77,2%-ке ұлғайып, 1,3 млн тоннадан асты.

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, ұлттық компанияда Қазақстан мен Әзірбайжан теміржол әкімшіліктерінің басшылары қазақстандық жүк жөнелтушілермен және экспорттаушылармен кездесті.

«Дөңгелек» үстелге қатысушылар Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия және Еуропа елдері арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) бойынша жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасау, одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады», делінген хабарламада.

Екі ел арасында жүк ағындарын кедергісіз және жеделдетіп өткізу және туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін бірлескен виртуалды диспетчерлік орталық жұмыс істейді.

 Дегенмен, тараптар жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқартуға, жылжымалы құрамның тұрған жері туралы хабардар ету процесін жақсартуға, әкімшілік кедергілерді жоюға, порт инфрақұрылымын кеңейтуге және т.б. қатысты ТХКМ-ды одан әрі дамыту жөніндегі мәселелерді бірлесіп шешуге келісті.

 

Сондай-ақ оқыңыз