Түркістан облысында мемлекеттік аудитор 26 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді

Жарияланды
Фото: gov.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы ірі жымқыруларды тергеуді жалғастыруда.

Ақпаратқа сәйкес, білім беру саласынде тексеру жүргізген мемлекеттік аудиторлар жымқыру әрекеттерін жасырып қалу үшін, пара алған.

«Жетісу облысында бюджет қаражаты «өлі жандардың» шоттарына ақша аудару және мектеп қызметкерлерінің жалақысын асыра есептеп, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдыру мен иемдену арқылы ұрланған. Тергеу барысында Алматы облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы 500 мың теңге сомасында пара алғаны әшкереленді», делінген ақпаратта.

Сондай айқ, Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексеріс нәтижесін оң деп бағалау үшін де, пара алған бұл аудитор сотқа тартылған.

«Осыған ұқсас факт Алматы облысында анықталды, онда облыстық тексеру комиссиясы бөлімінің басшысы Қарасай ауданының білім бөлімінің бухгалтерінен аудиторлық тексерудің оң нәтижелері үшін 1 млн теңге сомасында пара алған», делінген хабарламада.

Осы факті бойынша Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Түркістан облысында Тексеру комиссиясының бас инспекторының парақорлық әрекеті әшкере болған.

«Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Сондай-ақ оқыңыз