Жаңалықтар

«Artsport» жобасы бойынша 11 адамға қатысты 19 қылмыстық іс қозғалған

Фото: kursiv.media

«Artsport» жобасы бойынша 11 адамға қатысты 19 қылмыстық іс қозғалған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытындысында жазылған.

Үйірмелер мен секцияларды мемлекеттік қаржыландыру жолымен, бұқаралық балалар спорты мен шығармашылығын дамытуға бағытталған «Artsport» жобасы шеңберінде анықталған сыбайлас жемқорлық схемалары қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.

Бұл жобаға мемлекеттен 43 млрд теңге бөлінді. 2021 жылы – 5,8 млрд теңге бөлінсе, 2022 жылы – 37 млрд теңге бөлінген.

«Бағдарламаны іске асырудың қысқа мерзімі ішінде 11 адамға қатысты 19 қылмыстық іс тіркелді. 6 адам сотқа берілді, оның 4-еуі сотталды, 5-еуіне қатысты – қылмыстық қудалау ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері іс жүзінде бюджет қаражатын игерудің барлық кезеңінде анықталды. Мониторинг жүргізу сәтінде қаржыландыру көлемінің болжамы болмады. Бюджеттің мерзімінен бұрын игерілуіне байланысты, жобаны іске асыру екі рет үзілді», делінген құжатта.

Сондай-ақ «ArtSport» электрондық платформасында құжаттарды беру және сабаққа қатысуды есепке алуды цифрландырудың жеткіліксіздігі анықталған. Жүйенің шалалығы салдарынан алаяқтар «өмірде жоқ» жандарды енгізуге мүмкіндік алған.

«Сонымен бірге ата-аналар балаларының спорт секциясын немесе шығармашылық үйірмесін ауыстырғысы келетін кезде, оларда ваучерді алмастыру мүмкіндігі болмаған. Сабақтарды таңдаудың икемсіздігі және білім беру бағыттары бойынша қойылатын шектеулер ата-аналар мен жабдықтаушының арасында сабақ түрін ауыстыру және жалған актілерге қол қою бойынша сөз байласуға әкеп соғады», деп ескертеді агенттік.