Үндістандық миллиардер Қазақстанда қуаты 1 ГВт-тан асатын көмірмен жұмыс істейтін станция салуға ниетті

Жарияланды (жаңартылды )
shutterstock

Үндістандық миллиардер Гаутам Аданидің «Adani Group» компаниясы Қазақстанда қуаты 1 ГВт-тан асатын көмірмен жұмыс істейтін станция салуға болатын бірнеше учаскені зерттеді, деп хабарлады «Самұрық-Энерго» Курсивке.

«Adani Group компаниясымен қуаты 1 ГВт-тан астам көмір станциясының құрылысына қажетті учаскелерде зерттеу жүргізілді. Құрылысқа сай келетін нысандармен танысып, заңнамаға және инвестицияларды қайтару механизміне қатысты қажетті материалдар мен түсініктемелер берілді», делінген баспасөз қызметінің жауабында.

Бұл ретте «Самұрық-Энерго» Қазақстанда қуатты көмірмен жұмыс істейтін станция салу жобасы бойынша Adani Group компаниясының ресми жауабын тосып отыр.

Топтың иесі Гаутам Адани 2022 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Сол кезде ол әлемнің ең бай тұрғындарының тізімінде Бернард Арно мен Илон Масктан кейін үшінші орында тұрған. Үндістандық миллиардер «Самұрық-Қазынамен» 1 ГВт көмірмен жұмыс істейтін электр стансасын және ұқсас қуаттылықтағы жаңартылатын энергия көздерін салу туралы келісімге келген болатын.

«Біз бұған дейін олармен көмір өндіруге және 1 ГВт көмір және 1 ГВт жаңартылатын энергияға қатысты кешен салу туралы келіскен болатынбыз. Алдын ала болжам бойынша ол Екібастұз көмірімен жұмыс істеуі мүмкін. Өйткені Екібастұзда темір жол көлігінің артериялары бар және оңтүстік аймаққа жақынырақ жерде, темір жолға қатты салмақ түспейтін өңір болуы керек», дейді «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов.

Осыдан кейін Қазақстанға үнді тобының өкілдері келген. Мұнда орта есеппен көмір қорының көлемі 300 жылға жетеді. Қаңтар айының соңында Adani группқа Hindenburg Research компаниясы шабуыл жасап, 100 беттік есебін жариялады. Қарсылас компанияның мәліметінше, Adani групп Кариб бассейніндегі, Маврикийдегі және Біріккен Араб Әмірліктерінде отбасымен оффшорлық компаниялар желісін ашқан. Хабарламаға сәйкес, бұл шоттар сыбайлас жемқорлық мақсатында және ақшаны жылыстатып, салық төлеушілердің шотынан қаражатты ұрлауды жеңілдету үшін пайдаланылған. Сонымен бірге Adani порттар және энергетикамен айналысатын листингілік компаниялардың ақшасын да сорып отыру үшін осы оффшорлық шоттарды пайдаланған.

Сонымен қатар, Hindenburg Research Adani Group бағалы қағаздарына қатысты қысқа позицияны ұстанды. Есеп жарияланғаннан кейінгі бірінші күні Adani Group 12 миллиард доллар жоғалтты. Содан кейін Adani Group есептегі деректерді жоққа шығаруға тырысты. Алайда бұл құлдырауға кедергі бола алмады. Алпауыт компания ондаған миллиард доллар шығын шекті.

60 жастағы Гаутам Адани дүниедегі ең бай адамдар тізімінде 47,2 миллиард доллармен 24-ші орында тұр. Бұқаралық ақпарат құралдары оның бизнес империясының күшеюіне Гуджарат штатынан шыққан министр Нарендра Модидің ықпалы болуы мүмкін деп топшылайды. Кейін Моди Үндістанның премьер-министрі болды. Атап айтқанда, Гуджарат үкіметі Аданиге 7350 гектар жерді 30 жылға бір шаршы метрі үшін 1-45 АҚШ центіне жалға берген. Ал бұл жерлерді компания әлдеқайда үлкен бағамен яғни, бір шаршы метрі үшін 11 долларға жалға беріп отырған.

2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға азайту және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерге қарамастан, Қазақстан соңғы жылдары электр қуатының тапшылығын тартып отыр. Бұл тапшылық 1-1,7 ГВт электр энергиясын тұтынатын майнерлердің да ықпалы басым. Нәтижесінде мемлекет электр энергиясын Ресейден импорттауға мәжбүр.

Қалыптасқан тапшылықты жою үшін және электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты жабу үшін Қазақстан бірнеше көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларын салуды жоспарлап отыр. Яғни Екібастұзда – ГРЭС-3, Семейде – ЖЭО-3 және Көкшетауда – ЖЭО салу жоспарланған. Көшетау орталықтанған ыстық суы жоқ жалғыз облыс саналады. Бұл қала тұрғындары тұрмыстық электр қазандықтарын пайдаланады. Сонымен қатар, Екібастұз ГРЭС-інде бірнеше энергоблоктарды жаңғырту жоспары да бар.

Айта кетейік, 2020 жылы республика арқылы электр энергиясының 68,9 пайызын және жылу энергиясының 99 пайызын көмірді пайдалану арқылы алған. Жасыл экономиканы қолдайтын халықаралық иниституттар қазіргі таңда қазбалы отынды жағуға байланысты жаңа жобаларға ақша бөлуден бас тартқан. Дегенмен, мұндай қаржыландыру Қытай тарапынан беріліп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз