Жапония жаһандық табиғи газ қорын құру туралы ұсыныс жасауға ниетті

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Жапония Халықаралық энергетикалық агенттікке жаһандық табиғи газ қорын құру туралы ұсыныс жасауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған ел болашақта бұл әлемде «көгілдір отын» тапшылығын болдырмауға және тұрақты баға қалыптастыруға көмектесетініне сенімді.

Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, Жапония үкіметі Халықаралық энергетикалық агенттігі (ХЭА) ұйымына мүше елдер үшін арнайы резерв құру тұжырымдамасын дайындауды ұсынбақ.
Тиісті ұсынысты Жапония сейсенбіде Токиода өтетін Сұйытылған табиғи газ өндірушілері мен тұтынушылары конференциясы кезінде жариялайды, деп хабарлады ақпарат көздерінің бірі.
Ел билігі бұл бастама 2024 жылдың ақпан айына жоспарланған ХЭА министрлер кеңесінің күн тәртібіне енгізіледі деп күтуде.

Қазіргі уақытта ХЭА-ға мүше елдер күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда кем дегенде 90 күндік импортқа баламалы төтенше мұнай қорын ұстауға міндетті. Жапония газ нарығына да дәл осындай стратегия қажет деп есептейді.

Еуропалық Одақ елдерінде табиғи газ қорын құру туралы келісім бар, бірақ жаһандық жүйе жоқ. Жапония мен Оңтүстік Корея үшін мұндай қорларды құру қиын болуы мүмкін, өйткені олар газды негізінен уақыт өте келе «ұшып» немесе буға айналып кететін сұйытылған табиғи газ түрінде алады, деп атап өтті Bloomberg.

Сондай-ақ оқыңыз