108 млн теңгелік лагерь-монша: Прокуратура Білім басқармасына қатысты іс қозғады

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: Алматы қалалық прокуратурасы

17 шілде күні балаларды саунаға лагерьге жіберген Алматы қалалық білім басқармасы дауға қалды. Ата-аналар «Арман дала» лагерінде балаларының демалысы өте қолайсыз жағдайда өтіп жатқанын айтып, шу көтерді. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл сауна-лагерь қызметіне мемлекет қазынасынан 110 млн тенге бөлінгенін жазды.

Біз тексеріп көрдік, расында сол сомаға жуық қаражат бөлінген. Мемлекет бюджетінен бұл лагерьдің қызметіне 107 812 500 теңге бөлінген. Бұл сома үш лотқа бөлінген. 37 500000 теңгеге Медеу ауданының 400 баласы, дәл осы сомаға Түрксіб ауданының 400 баласы және 32 812 500 теңгеге Жетісу ауданының 350 баласы қамтылуы тиіс болған. Әр баланың 10 күндік демалысы үшін мемлекет тәулігіне 9375 теңгеден бөлген.

Шартқа сәйкес балалар «жатақхана ғимараттары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес балалар мен жасөспірімдердің тұруы үшiн тиiстi жағдайлары болуы керек, салқын және ыстық су, душ немесе ванна бөлмесімен гигиена бөлмелерiмен, жеке заттарды жуу, кептiру және үтiктеу орнымен, отряд бөлмелерiмен» қамтылуы керек болған. Алайда шындығында балаларға мұндай жағдай жасалмаған. Шу шықпаса, сауна иесі 1150 баланы өте қомақты қаражатқа моншада демалтуды көздеген.

Шулы оқиғадан кейін қалалық білім басқармасы «БелРичи» ЖШС-ін адал емес жеткізуші деп танитынын мәлімдеді.

«Жеткізуші – «БелРичи» ЖШС-не қатысты, оны жосықсыз өнім беруші деп тану және одан әрі мемлекеттік сатып алуға қатысуға тыйым салу туралы талап-арыз дайындалуда», делінген ақпаратта.

Басқармада көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік сатып алудың барлық ережелеріне сәйкес болған деп түсіндіреді. Алайда балаларды лагерьге жеткізген, оның жағдайымен нақты таныс білім басқармасының өкілі не себепті үнсіз қалғаны сұрақ тудырады. «Білім басқармасының жауапты қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды», дейді басқарманың баспасөз қызметі. Сондай-ақ, жеткізушімен ағымдағы шарт бұзылтынын мәлімдеді.

Ал Алматы қаласының прокуратурасы білім басқармасы мен балаларға арналған мекеме әкімшілігіне қатысты ҚР ҚК 361 (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 140-баптары (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Алматы қаласының прокуратурасы «сауна ғимаратындағы балалар лагерінде» кәмелет жасқа толмаған жеткіншекті тәрбиелеу жөнінде құзіреттілігін асыра пайдалану (ҚР ҚК 361) және міндеттерін орындамау фактілері бойынша (ҚР ҚК 140) сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Балалар лагерін қаржыландыру Алматы қаласы Білім басқармасы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бюджетінің есебінен жүзеге асырылғаны анықталды. Бұл ретте, ұсынылған конкурстық құжаттама қойылатын талаптарға толық сәйкес келмейді», делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қылмыстық істерді тергеу Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тапсырылған. Істі тексеру шеңберінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау қамтамасыз етіліп, жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары мен лагерь ұйымдастырушыларының іс-әрекеттеріне баға берілмек.

Сондай-ақ оқыңыз