Ресейлік «Сибур» мұнайгазхимия компаниясы мен қытайлық Sinopec Қазақстанның Silleno полиэтилен жобасынан әрқайсы 30%-дан алады. Бұл туралы 18 шілдеде Алматыда өткен Өңдеушілер күнінде «ҚазМұнайГаз» басшысының инвестициялар мен даму жөніндегі орынбасары Дастан Абдулғафаров мәлімдеді.
Оның айтуынша «ҚазМұнайГаздың» жобадағы үлесі 40% болуы мүмкін.
«Үлес былай бөлінуі мүмкін: «ҚазМұнайГаз» – 29,9%, KMG Petrochem – 10,1% (ҚМГ еншілес компаниясы), СИБУР – 30%, Sinopec – 30%», – деді ҚМГ өкілі және «бұл әзірге жобаның мақсатты құрылымы» деп қосты, түпкілікті шешім кейінірек қабылданады.
Жобаға қытайлық Sinopec компаниясы қосылатыны туралы ресми түрде биыл мамыр айында жария етілген болатын. ҚМГ басшысы Мағзум Мырзағалиев, Sinopec компаниясының мұндай технологиялық тұрғыда күрделі мұнайхимия нысандарын жобалау, құрылысын салу және қолданудағы тәжірибесі жобаға оң әсер ететін айтқан еді.
Полимерлерге деген ішкі сұраныс жылына 240 мың тоннаны құрайды. Оның 67 мың тоннасы полипропилен нарығына, 173 мың тоннасы – полиэтилен нарығына тиесілі. 2030 жылға қарай полипропилен мен полиэтиленге деген сұраныс екі есеге өсіп – жылына 400 мың тоннаны құрайды деп күтілуде.
2022 жылдың қараша айында Қазақстан мен Ресей өкілдері полипропилен мен полиэтилен жөніндегі жобаларды жүзеге асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы құжатқа қол қойған. Елімізде жылына 1,25 млн тонна өндіретін жобаның құрылысын 2028 жылы аяқтау көзделіп отыр. Оның құны шамамен – 7,7 млрд доллар, нақты сомасы FEED (front end engineering design) қорытындысы бойынша анықталады. Жоба Атырау облысында жүзеге асырылып жатыр.