Түркістан облысының лауазымды қызметкері 10 млн теңге парамен ұсталды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Түркістан облысында басқарма басшысының орынбасары пара алды деп күдіктелуде, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

«Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыру аясында Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ол мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру қызметтерін көрсетуге, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасқаны үшін 10 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктеледі. Мемлекеттік сатып алуда порталындағы шарттың жалпы сомасы 280 млн теңгені құрайды.

«Тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы және оның сыбайласына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы және оның сыбайласы жеке кәсіпкерді 18 млн теңге көлемінде пара беруге итермеледі деп күдіктенуде.

Сондай-ақ оқыңыз