Алматы қалалық урбанистика басқармасының басшысы ұсталды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Агенттік жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеу жүргізіп жатыр.
Тексеру нәтижесінде қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны анықталған.
«Ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына заңсыз келіскен», делінген баспасөз хабарламасында.
Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілген.
Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысына заңсыз келісе отырып инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатын пайдаланып, мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал еткен. Шығын 180 млн теңгені құраған.
Қазіргі таңда сот санкциясымен күдікті қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, басқа лауазымды адамдардың бұған қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатыр.
Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1 шілде күні Алматы қаласының жер және қала құрылысы салаларында жемқорлық тәуекелдерін анықтағанын хабарлады. Онда әкімдіктің лауазымды адамдары жердің нысаналы мақсатын өз қалауы бойынша өзгертіп отырғаны туралы айтылған. Осындай олқылықтар нәтижесінде «Сібір жарасы» көмілген аумаққа жақын маңға тұрғын үй кешені салынып кеткен.
Тексеріс барысында қала құрылысы құжаттамасының жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарына сәйкес келмегені, құрылыс объектілерінің келісілген жобалау құжаттамасынан ауытқуы анықталған. Нәтижесінде Алматының таулы аймақтарында 52 заңсыз нысан салынғаны белгілі болды.
Барлық сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Сондай істің бірі қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты басталған. Мемлекет қажеттілігі үшін әкімшілік тарапынан жер учаскесін сатып алғаны үшін жеке басына 45 млн теңге сомасында пара алған ол қамалып, сотқа дейінгі тергеу басталған.