Жаңалықтар

Американың ірі бизнесі Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі – ҰЭМ

Фото: ҰЭМ

Американың ірі бизнесі Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі. Олардың әсіресе, цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы салаларына деген қызығушылық жоғары. Бұл жайлы ҰЭМ баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан-Америка Іскерлік Кеңесінің мүшелерімен өткен дөңгелек үстелге қатысқан. Бұл іс-шара АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чокси бастаған Chevron, Boeing, Google, Brownstein, ITIC, Bechtel және т.б. ірі америкалық компаниялардың басшыларының қатысуымен өткен.

Ірі бизнес өкілдері Астанада 2023 жылғы маусымда өткен Америка іскерлік кеңесі жұмысының тиімділігін атап өтіп, Қазақстанда салық салу және инвестициялық саясат бойынша жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытқан.

Жиын барысында министр Әлібек Қуантыров Қазақстанның АҚШ-тың көптеген бизнес алпауыттарымен ынтымақтастығы отыз жыл бойы жалғасып келе жатқанын және жыл сайын инвестиция көлемінің артып келетінін атап өтіп, кәсіпкерлерді Қазақстанмен инвестициялық әріптестік орнатуға шақырды.

«2022 жылы АҚШ-тың Қазақстанға жалпы тікелей шетел инвестицияларының ағыны 82%-ға өсіп, $5,1 млрд. құрады. АҚШ дәстүрлі түрде Қазақстан экономикасының ең ірі үш инвесторының бірі болып табылады», деді ҚР ҰЭМ басшысы.

Келіссөздер барысында кәсіпкерлер цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардағы ынтымақтастық мәселелерін зерделеп, бұл сала әлеуетінің зор екенін айтып, оң баға берген.