Шымкент әкімінің орынбасары ұсталды

Жарияланды

Фото: Шымкент әкімдігі

Бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховты ұстағаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты ҰҚК растады.

«2023 жылғы 20 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Прокуратураның үйлестіруімен жемқорлық жасады деген күдікпен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховты ұстады. Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде», делінген ҰҚК баспасөз хабарламасында.

Мақсұт Исахов 1974 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын ішкі істер органдарында бастап, кейін ҚТЖ-ға ауысты. Исахов Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында да жұмыс істеп, Өскеменде көлік және жолдар басқармасының басшысы, кейін әкімнің орынбасары болды.

Алматыда екі басқарманың – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының, кейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

Ол 2020 жылдың ақпан айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Ол құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және жол, туризм, ақпараттық қауіпсіздік және халыққа қызмет көрсету салаларын қадағалады.

Бүгін, бейсенбіде Төтенше жағдайлар министрлігіндегі бірнеше лауазымды қызметкерлердің ұсталғаны белгілі болды. Атап айтқанда, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары парақорлықпен әшкереленді. Ақпаратқа сәйкес, олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деп күдіктенеді. Пара сомасы 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

19 шілде күні Алматы қаласының заңсыз құрылыстарына кінәлі лауазымды тұлға, Урбанистика басқармасының басшысы ұсталған болатын.

Дәл сол күні Сыбайланс жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Ізбасаров та ұсталды.

Сондай-ақ оқыңыз