Дижитал активтер саласына деген қызығушылықтың күрт артуына жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін криптовалюталардың шығуы әсер етті. Әлемді дүр сілкіндірген ChatGPT іске қосылған сәттен бері криптовалюта нарығы да AI-ға бет бұра бастады. Технологияның ел арасында танылғаны сонша, бұл саладағы алпауыттар компанияларды жасанды интеллектіге негізделген жобалар жасауды уақытша тоқтата тұруға шақырып, ашық хат та жазды. Яғни ЖИ-ді дұрыстап «ерттеп» алғанша үзіліс ала тұрған десті.
Әйтсе де, жасанды интеллект өмірдің барлық дерлік саласына қосылып үлгерді. Соның ішінде — криптожобаларға. Fortune Business Insights есебіне көз салсақ, блокчейндегі бұл нарық 2027 жылға қарай $973,6 миллионға дейін өседі екен. Салыстыратын болсақ, 2020 жылы $220,5 миллион болған еді. Жұмысында жасанды интеллектіні пайдаланатын бірнеше криптожобаға шолу жасайық.
SingularityNET. Жасанды интеллектіге негізделген қолданбалар жасайтын орталықсыздандырылған блокчейн-платформа. Негізін қалаған — Бен Гертцель мен Дэвид Хэнсом. Олардың басты мақсатымыз «демократизация» деп айтады. Яғни жекелеген қолданушы болсын, үлкен компания болсын, ЖИ-ге негізделген құралдар мен қызметтерді ала алады. Бұл платформаның коды ашық, сондықтан бағдарламалаушылар орталықсыздандырылған қолданбалар жасауға мүмкіндік алады. Өз жобасын жасап, таратып, монетизацияға шығара алады. Осындай өте үлкен мүмкіндікті ұсынып отырғандықтан, жасанды интеллектіге негізделген криптожобалар нарығында әжептәуір орны бар деп толықтай айтуға болады.
Fetch.ai. 2017 жылы Кембриджден шыққан (Ұлыбритания) бағдарламалаушылар тобы жасаған блокчейн-стартап. Автономды экономикалық агенттер жасауға жасанды интеллект пен машинаны үйрету алгоритмдерін қолданады. Мұндай агенттер иелерінің атынан әлдебір шешімдер қабылдап, тиімді келісімдер жасаса алады. Одан қала берді, театрға билет алып, қонақүйден нөмір брондау сынды жұмыстарды оңай атқарады. Жасанды интеллект қолданушыларға өзінің желідегі дижитал «егізін» жасауға да қолданылады. Платформаның барлық құралын пайдаланғысы келгендер FET натив токендерін алуы керек. Бұл токендер жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін автономды агенттерге арналған экожүйені дамытуға әжептәуір үлесін қосады деседі. Өйткені бұл агенттер нарықтағы тенденцияларды болжау, ресурстар бөлу, деректер алмасу сынды жұмыстарды атқаруға қабілетті. Одан қала берді, Fetch.ai қаржы, энергетика, көлік және өзге де салалаларға арналған мультиагент жүйелерін қолданады.
Blocktrace. Бұл компания блокчейнге анализ жасаумен айналысады. Соның ішінде осал тұстарын, түрлі аномалияны табуға септігі тиеді. Транзакцияның бақылау процесін жеңілдету үшін жасанды интеллект технологиясын қолданады. Остинде (АҚШ) орналасқан компания жақында Robby the Robot деген жеке чат-ботын іске қосты. Ол, әлбетте, жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Чат-бот биткоин блокчейніндегі деректермен жұмыс істеп, сол жерде жасалатын транзакцияларға анализ жүргізеді.
Artificial Liquid Intelligence (ALI). Alethea AI. компаниясы жасап шығарған орталықсыздандырылған платформа. Миллиардер Марк Кьюбанның қолдауымен іске асырылып келеді. Мұндағы басты мақсат — intelligent NFT, iNFT сынды ақылды токендерден тұратын метаәлем жасау. Ойға алған ісін жүзеге асыру үшін жоба бағдарламалаушылары қолданушыларға деректерін монетизациялап қана қоймай, қауіпсіз ортада болып, әрі барлық процесс құпиялығын сақтауға мүмкіндік беретіндей жағдай жасап отыр.
iExec. Орталықсыздандырылған бұлтты есептеулер платформасы. Олар dApps қолданбасын іске қосу үшін жасанды интеллект және блокчейн технологиясын қолданады. Ал бұл үшін жоғары есептеу қуаты қажет. Қолданба арқылы бағдарламалаушылар есептеу ресурстары арқылы ақша тауып, дәстүрлі бұлтты есептеу сервистеріне балама ұсынады. Платформа базасында iExec сауда алаңы бар. Соның арқасында қолданушылар пайдаланылмай, бос тұрған есептеу қуатын жалға беріп, ақша таба алады.
Рендериң (RNDR). Компьютерлік графикаға арналған рендериң қызметтерін ұсынатын блокчейн-платформа. Көпшілікке жақсы таныс. Мұнда жасанды интеллектімен «қаруланған» блокчейн технологиясы өңдеу процесі мен күрделі 3D-график рендериңін жеңілдету үшін пайдаланылады. Сонымен бірге, анимация мен визуал эффектілер де қолданылады. Платформа смарт-келісімшарттар жасау, ресурстар бөлу, мәліметтерді сақтау сынды көптеген жұмыс процесін реттеуге көмектеседі. Сондықтан қолданыс аясы өте кең. RNDR токені желіде транзакциялар жасауға мүмкіндік береді, сондай-ақ, түрлі қызметке жол ашады. Одан қала берді, қатысқаны үшін қатысушыларға ынталандыру сыйлығын да таратады. Бәрінен бұрын рендериң процесі туралы толыққанды ақпарат алып, шешім қабылдағанда ойланып, дұрысын таңдап, өнімді жұмыс істеуге көмектесетін Render Token қызметін атап өту керек.
DeepBrain Chain. Орталықсыздандырылған жасанды интеллектіге негізделген есептеуіш жүйесі. Мұнда блокчейн технологиясы қауіпсіз, жеке әрі экономикалық тұрғыдан тиімді үйрену үшін қолданылады. Басты мақсаты — алгоритмдер мен жасанды интеллект мәліметтерінің орталықсыздандырылған нарығын қалыптастыру. Осылайша ұйымдар мен жеке тұлғаларға жасанды интеллект қызметтерін араға делдал салмай-ақ сатуға мүмкіндік береді. Оның DBC Coin деген өз криптовалютасы бар. Ол платформа ішінде транзакциялар жасауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектінің барынша тиімді әрі экономикалық экожүйесін құруға бағытталған инновациялық платформа деп сипатталады. Мұнда кез келген адам жасанды интеллект күшімен қызметін, өнімін жақсарта алады.
Ocean Protocol. Мәліметтер алмасуға және оларды бірлесіп қолдануға арналған орталықсыздандырылған платформа. Мұның негізінде, әрине, блокчейн-технологиясы жатыр. Деректермен қауіпсіз әрі ашық транзакциялар жүргізуге мүмкіндік беретін смарт-келісімшарттар пайдаланылады. Ocean Protocol барынша ашық әрі әділ деректер экожүйесін құруды көздейді. Сол арқылы жеке тұлғалар мен ұйымдар жоғары сапалы деректерге қол жеткізіп, таратуға мүмкіндік алып отыр. Кейін оны машинаны үйрету және жасанды интеллектіге негізделген басқа да қолданбаларда қолданады. Осы платформаның көмегімен ұйымдар деректерін бөлісіп, бірақ олардың ұрланбауын толықтай бақылауда ұстай алады. Кімнің пайдаланғанын көріп отырып, алмасқан жағдайда өтемақы алуға мүмкіндік берілген. Бұл болса, бірлескен әрі тиімді жасанды интеллект экожүйесін орнатады. Өйткені мұнда жасанды интеллект модельдерін жасауға және үйретуге арналған деректер қол астында тұрады. Осылайша криптовалюта саласында Ocean Protocol ойып тұрып орын алып отыр.
Қандай қауіп бар?
Жасанды интеллект арқылы басқарылатын криптовалюталарға инвестиция жасау өте жаңа әрі қызық тәсіл болып көрінеді, әрине. Дегенмен мұнда да қауіп барын ұмытпау керек.
- Технологиялық тұрғыда осал тұстары бар. Аталған технология енді-енді қалыптасып келе жатқандықтан әрі кеңінен қолданыста болмағандықтан, әлі анықталмаған мәселелер шығуы мүмкін;
- Реттелмейді. Қазіргі уақытта кешенді реттеу болмағандықтан, инвесторларға әлдебір криптожобаның заңды екенін тексеру қиынға соғады.
- Толық тексерілмеген технологияларға инвестициялау. Күткендегідей нәтиже бермеуі мүмкін. Болмаса, ойламаған кедергілер шығып қалуы ықтимал.
- Нарық құбылып тұрады. Бұл активтердің бағасына нарықтағы ахуал әсер етуі мүмкін. Сондықтан жағдай «теңселіп» тұруы ғажап емес.