Жыл соңына дейін Бірыңғай инвестициялық платформа іске қосылады – СІМ

Жарияланды

Фото: ОКҚ

Жыл соңына дейін Бірыңғай инвестициялық платформа іске қосылады. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев мәлімдеді.

«Ағымдағы жылға арналған міндеттер туралы айтатын болсақ, Президенттің тапсырмалары шеңберінде интерактивті инвестициялық картаны, инвестицияларды тарту кезеңінен іске асыру кезеңіне дейінгі өтпелі процесті басқару жүйесін енгізуді көздейтін Бірыңғай инвестициялық платформа құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталғым келеді. Бұл жұмыс екі кезеңде жүзеге асырылатын болады, I-кезең 2023 жылдың соңына дейін және II-кезең – 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқталады», деді комитет басшысы.

Ардақ Зебешевтің айтуынша, Бірыңғай инвестициялық платформа елімізге инвестор-компанияларды тарту жөніндегі жол картасы іспетті болады.

«Ол инвесторлар жүгінетін бір терезе, сондай-ақ мемлекеттік аппарат үшін жобаларды іске асыру барысын тиімді бақылауға мүмкіндік беретін тұтас ақпараттық панельдер түрінде болады. Бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімін айтарлықтай қысқартуға ықпал етеді деп күтілуде. Платформада инвестициялар тартуға қатысушылардың бәрі жұмыс істейді. Бұл елімізге шетелдік инвестициялардың қосымша ағынын тартуға мүмкіндік береді», дейді СІМ өкілі.

Сондай-ақ, ол мемлекет басшысының кемінде 150 млрд АҚШ доллары көлемінде шетел инвестицияларын тарту туралы міндеті шеңберінде жыл қорытындысы бойынша 24 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отырғанын айтты. 

Бұдан басқа, осы жылдың аяғына дейін кемінде 4 Инвестициялар туралы келісім жасасу туралы және кемінде 3 Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімдерді ратификациялау көзделіп отырғанын мәлімдеді. Сонымен бірге 70 сала бойынша инвестициялық ұсыныстар әзірленіп, шетел инвестицияларының қатысуымен кемінде 40 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз