Жаңалықтар

Депутаттардың бастамасымен бірінші сессияда 20 заң қаралған

Фото: Ақорда

Президент Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысына Парламенттің төменгі палатасының VIII шақырылымының I сессиясы аясындағы қызметі жайлы баяндады.

Мәжіліс Төрағасының мәліметінше, сессия басталғаннан бері мәжілісмендердің қарауында болған 82 заң жобасының 20-на депутаттар бастамашылық жасаған. Олардың ішінде Заңсыз иемденілген активтерді қайтару, Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, сұйытылған газ айналымы, электрлі самокаттардың қозғалысын реттеу туралы және басқа да заңдар бар.

Сонымен бірге Мәжіліс спикері конституциялық реформаның қорытындысы бойынша Палатаның жұмыс форматына енгізілген өзгерістер жайлы айтты.

«Мәжілістің 6 партиялық фракциядан, сондай-ақ бір мандатты депутаттардан жасақталуы заң шығару жұмысының ашықтығын арттырып, сайлаушылармен кері байланысты күшейтті. Олар Үкімет мүшелеріне жолдаған депутаттық сауалдарында азаматтардың өзекті мәселелерін көбірек көтере бастады», деді Ерлан Қошанов.

Сонымен бірге өткен сессия барысында алғаш рет жылумен қамтамасыз ету саласындағы басқаруға қатысты Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалып, нәтижесінде бұл саладағы кешенді проблемалар бар екені анықталған.

«Депутаттар қоғамдағы, соның ішінде өңірлерге жасаған сапарлары кезінде жинақтаған проблемалар бойынша жауапты министрліктер басшылығының алдына бірқатар нақты мәселе қойды. Жылу электр орталықтарын және жылумен қамтамасыз ету желілерін жаңғыртуға ерекше назар аударылды», дейді мәжіліс басшысы.

Қазіргі таңда мәжілісмендер өңірлерде халықпен кездесу өткізіп жатыр. Олар сапар барысында Мәжілістің келесі сессиясында қаралатын Су, Бюджет, Салық және Қала құрылысы кодекстерінің жобалары бойынша талқылаулар ұйымдастырылып, ұсыныстар жинақтайды.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысына да тоқталып, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан парламенттерінің басшыларымен және басқа да елдердің заң шығарушы органдарының өкілдерімен кездесулер өткізілгенін айтты.