ҚНРДА микрокредит беру шарттарына өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Микрокредит беру шарттары өзгереді. Осыған байланысты «Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының қаулысы талқыланып жатыр.

«Микрокредит беру туралы шарт талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 16 шілдедегі №82 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы – қарыз алушылардың сот тәртібімен берешекті өндіріп алуға дейін микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу мүмкіндігіне құқықтарын кеңейту не коллекторлық агенттікке микрокредит бойынша құқықтарды беру мақсатында ұсынылған.

Сондай-ақ, түзету микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу үшін негіздердің тізбесін және міндеттемені орындаудың кешіктірілу себептерін растайтын құжаттардың тізімін көздейді.

Сонымен бірге құжатқа әскери қызметшілердің мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне негізгі борыш және сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру мәселесі де енген. Яғни әскери борышын өтеген уақытта несие бойынша қарызы өспейді.

Сонымен бірге құжатта Жеке тұлға банкроттығына қатысты мәселелер де қамтылады. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» ҚР Заңына сәйкес микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізуді растайтын құжат микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымның себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы жауабы алынады. Банкроттық туралы Заңды тиімді іске асыру мақсатында микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту нысанын бекіту ұсынылады.

Қаулыда Банкроттық туралы Заңды тиімді іске асыру мақсатында кредиторлардың микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту нысанын біріздендіру ұсынылған. Заңнаманы іске асыру тиімділігінің мониторингі үшін түзету негізінде микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымның белгіленген нысандарға сәйкес қарыз алушылардың өтініштерін қарау нәтижелері туралы ақпаратты Агенттікке тоқсан сайын ұсынып отырады.

Аталмыш құжат 4 тамызға дейін талқылауда болады. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз