Нидерланды қорғаныс өнеркәсібінің қажеттіліктері үшін бірқатар жабдықтарды Түркияға экспорттау бойынша шектеулерді алып тастағанын хабарлады. Бұл туралы Sharq analytics басылымы жазды.
Нидерландының Сыртқы істер, Қорғаныс және Экономика министрліктері Түркияға әскери мақсаттағы жабдықтарды экспорттауға қойылған шектеулерді алып тастау туралы бірлескен мәлімдеме жасады.
Үш министрлік ұсынған құжатта Нидерланды Үкіметінің қару-жарақ экспортын бақылауға қатысты қабылдаған шаралары туралы баяндалған. Олар Еуропадағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектесуі тиіс.
Мәлімдемеге сүйенсек, Голландия үкіметі еуропалық қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, Нидерландының осы жобаларға қатысуын ынталандыратынын көрсетеді. Құжаттан Еуропада қару экспорты бойынша әділ бәсекелестік құру қажет, деп жазылған.
«Нидерланды қорғаныс секторының экономикалық өміршеңдігі мен инновациялық күші экспортқа қатты тәуелді, сектордағы қаржы айналымының жартысынан астамы (54%) экспорттан келеді. Осыған байланысты қазіргі уақытта Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) және Сауд Арабиясына қатысты қолданыстағы қорғаныс өнеркәсібіне арналған жабдықтарды экспорттау бойынша шектеу дереу тоқтатылады», – деп жазылған құжатта.
Еске сала кетсек, Амстердам билігі Сирияның солтүстігінде «Бейбітшілік бұлағы» операциясы басталғаннан кейін Түркияға қару экспортына қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына да қару экспортына тыйым алынып тасталды.
Өткен аптада Нидерланды Түркияға қару сатуға қойылған эмбаргоны алып тастаған «француз-герман-испандық қару экспортын бақылау» келісіміне қосылуға мүдделі екенін мәлімдеді. Бұл шешімге Түркияның Швецияның НАТО-ға кіруіне келісімі де ықпал етті.
Осы уақытқа дейін ресми Амстердам Сирияда қару қолданылмағаны туралы бұлтартпас дәлелдер болған жағдайда ғана қару экспорттауға лицензия берген. Алайда соңғы өзгерістер бұл ұстанымға қайшы екені белгілі. Соған қарамастан аталған ел өз қаруының Сирияның солтүстігіндегі немесе Йемендегі қақтығыстарда пайдаланылмауын қамтамасыз етуді жалғастыратынын мәлімдеді.