Қазақстанда шетелдіктерге шекара бекетінен өту кезінде ЖСН берілуі мүмкін

Жарияланды
Фото: shutterstock

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шетелдік азаматтарға Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде ЖСН беру мәселесін пысықтауды көздеп отыр.

Бұл туралы Агенттік төрағасы Асхат Жұмағалидің «Amanat» партиясы депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.

Бұған дейін жазғанымыздай, «Amanat» фракциясының депутаттары Бас прокурор, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Цифрлық даму министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында шетелдіктердің ЖСН-ді Қазақстан аумағына кірмей ақ, ақылы түрде алуына болатыны туралы әлеуметтік желілерде хабарламалардың пайда болғанына қоғам тарапынан наразылық туғанын айтқан болатын.

«Интернет желісінде Қазақстан аумағынан шетел азаматтары үшін Қазақстанның ЖСН қашықтан ресімдеу қызметтерін көрсету бойынша мамандандырылған сайттарға сілтемелер қолжетімді. Оларда 1-ден 3 күнге дейін қазақстандық ЖСН алуға болатындығы туралы толық ақпарат бар.
Сайттан Телеграм ботқа көшу кезінде Қазақстанға келудің қажеті жоқтығын, басқа елден шықпай-ақ ЖСН алуға болады деген ақпарат шығады», делінген еді сауалда.

Асхат Жұмағали депутаттар сауалына берген жауабында шетелдік азаматтарға ЖСН беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет екені және оны беру тәртібі тиісті Қағидалармен,яғни «Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және түзету» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы №258 бұйрығымен регламенттелгені айтылған.

«Екінші деңгейдегі банктердің шетелдік азаматтарға ЖСН ұсынуы Қағидаларда көзделмегені» деп жауап беріпті, Асхат Жұмағали.

Сонымен қатар, агенттік 2022 жылы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетімен бірлесіп, көші-қон қызметі органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген.

«Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін әзірленген 25 ұсыным қазіргі уақытта орындалуда. Мәселен, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және рәсімді оңтайландыру, сондай-ақ көші-қон процесінің жедел мониторингін жүзеге асыру мақсатында, ұсынымдардың бірінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтумен келген шетелдік азаматтарға ЖСН беру мәселесін пысықтау көзделген», делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының жауабында.

Сондай-ақ, дүйсенбі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Асхат Жұмағали Президентке есеп берген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз