Жаңалықтар

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы кәсіпкерлік субъектіге 4,7 млн теңге залал келтірген

Фото: kursiv.media

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаеваға қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ басшысына қатысты тергеуді аяқтады. Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, кәсіпкерлік субъектісіне 4,7 млн теңге көлемінде залал келтірген деп күдіктелуде. Қазіргі уақытта айыпталушы сотқа тартылды», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 17 мамыр күні Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаеваға қатысты тергеу амалдары басталған болатын.

Қожабаева Әлия Төлеутайқызы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша тәмамдап, Заң институтында «заңгер» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған.

Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының «заңтану магистрі». Оның Гуманитарлық-техникалық академиясын «экономика ғылымдарының магистрі» және Швейцария бизнес және халықаралық қатынастар университетін (UBIS-University of business and international studies) «Іскерлік әкімшілік докторы» ғылыми дәрежелері бар. 2002 жылдан бері түрлі деңгейде мемлекеттік қызметтер атқарған.

Ал 2020 жылдың ақпан айынан бастап, тергеуге алынғанға дейін Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына басшылық еткен.