Алматының «Кенжехан» базарының саудагерлері қала әкімі Ерболат Досаевқа базар қожайындарына қатысты шағым айтты.
Базар жұмысшылары «Кенжехан» базарының қожайындары базарды модернизациялау үшін саудагерлерден қаржы жинап жатқанын айтты. Саудагерлердің айтуынша базар иелері әр нүктеден 5 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен. Халық базар басшыларының бұл шешіміне наразы, себебі базарды қайта жабдықтау бастапқыда саудагерлер емес, қожайындардың есебінен жүзеге асырылады деп сендірген.
«Қысым мен бопсалау нәтижесінде ол адамдар қазір ақша алып жатыр. Неге олардың бізді алдауына жол бересіз? Бұл ақша ел бюджетіне түссе бір жөн, бірақ миллиондаған қаражат бір адамның қалтасына түсіп жатыр. Базардағы бопсалау қашан тоқтайды? Бізге қашан араша түсесіздер?» деп сұрады алматылық келіншек Досаевтан, әкімнің Алатау өңірінің тұрғындарымен кездесуі барысында.
Әкім өз кезегінде қала базарларының жағдайы қала әкімдігінің ерекше бақылауында екенін айтты. Ал Алматыда жұмыс істеп тұрған 56 базардың ішінде Кенжехан ең ірілердің бірі саналады. Қала басшысы базарларды жаңғырту жұмысы 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жүргізілуі тиіс екенін хабарлады.
«Пандемияға байланысты біраз шаралар кешіктірілді. Базар иелері базарды жаңғыртуға қаржы жинайтындарын хабарлады. Өкінішке қарай, келісімшартқа адамдар өздері қол қояды», деп жауап берді Ерболат Досаев.
Қала басшысы прокуратураның қазір «Кенжехан» базарын тексеріп жатқанын, жақын күндері ол бойынша шешім шығарылатынын айтты.
Биыл сәуір айында «Кенжехан» базарының иесі базарды жалға алушылардың есебінен жөндеуге ниетті екенін хабарлаған. Базар иесі әр саудагерден шамамен 5 миллион теңге талап етеді. Бұл шешіммен келіспеген адамдар ереуілге шығып, бутиктерді жауып тастады. Базар басшылығы өз қаражатына базарды модернизациялай алмайтындарын жеткізді. Ал саудагерлерге өз үлесін төлеу үшін бөліп төлеу қарастырылған.