Жаңалықтар

117 мыңнан астам қазақстандық қарызына байланысты шетелге шыға алмайды

Фото: shutterstock

117 мыңнан астам қазақстандыққа қарызына байланысты, Қазақстан Республикасынан шығуына шектеу қойылды. Олардың қарызының жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асады.

2023 жылы шығуға уақытша шектеу қойылғандар тізімінде 117 381 адам енген, оның 223-і шетелдіктер. Олардың қарыздарының жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асады. Борышкерлердің көпшілігі ер адамдар. Ер адамдардың қарызы әйелдерге қарағанда 40% көп. Бұл туралы «Курсивке» ҚР Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату департаменті хабарлады.

Соңғы бес жылда Қазақстаннан шыға алмаған борышкерлердің ең көп саны 2019 жылы тіркелген. Онда елден 419 837 адам шыға алмаған және оның 339-ы шетелдіктер болған. Ал 2021 жылы 74 930 азаматқа шығуға шектеу қойылған. Бұл соңғы жылдардағы ең аз көрсеткіш. Ол жылы 226 шетелдікке елден шығуға тыйым салынған.

Заңға сәйкес, егер азамат үш айдан астам уақыт ішінде төлемді өндіріп алу үшін атқару құжатының талаптарын орындамаса және қарызының көлемі 40 АЕК-тен яғни 138 мың теңгеден асса, ол Қазақстан аумағынан шыға алмайды. Ол қарыздардың ішінде айыппұлдар, міндетті салықтар, алименттер, коммуналдық төлемдер немесе басқа қарыздар кіреді. Мемлекет қазақстандықтарға, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғалар мен олардың басшыларына қатысты шектеу енгізе алады.

Азаматтар өзінің шетелге шығуға рұқсаты бар жоғын шетелге шығуға шектеу қойылған борышкерлер тізілімінен және атқарушылық өндіріс бойынша борышкерлер тізілімін тексеру арқылы біле алады.

Ал борышкерлер тізімі ҰҚК Шекара қызметіне автоматты түрде жіберілетін электронды хабарламалар негізінде қалыптастырылады. Ол тізімнен қарызды өтеу арқылы шығуға болады. Содан кейін сот орындаушысы шектеуді алып тастау туралы қаулы шығарып, Шекара қызметіне электронды хабарлама жібереді.

Сондай-ақ Egov.kz платформасында банктік өтінімдер арқылы қарызды онлайн төлеу арқылы бұл үрдісті тез орындауға олады. Яғни платформа арқылы қарыз төленген соң, қарыздың өтелгені туралы ақпарат Автоматтандырылған ақпараттық жүйеге жіберіледі. Ол атқарушылық өндірісті тоқтату процесін бастайтынын хабарлап, 30 минут ішінде борышкер қарыз бар азаматтар тізілімінен шығарылып, елге шығуға салынған тыйым алынып тасталады.

23 маусымда Әділет министрі Азамат Есқараев кейбір борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктерге ие бола отырып, өз мүлкін жасырып, балаларын асыраудан әдейі жалтаратынын айтты.

Ал көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 4,9 млрд теңгені құраған. Берешектің негізгі бөлігі қозғалтқыш көлемі 4000 текше см-ден асатын автокөліктерге тиесілі екен.