Фото: «Бузачи-нефть» ЖШС
«Қаратұрын Восточный» кен орнының №303 ұңғымасында апатты жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жайлы «Бузачи-нефть» ЖШС-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаратұрын Восточный» кен орнындағы апаттың салдарын жою жұмыстары барысында екі көлбеу бағытталған босатушы ұңғымаларды бұрғылау бойынша жүргізіліп жатыр. Жеке техникалық жобаларды әзірлеу туралы бұл шешімді мұнай-газ саласы мен бейінді министрліктер сарапшыларының пікірлерін ескере отырып, апатты жою жөніндегі Штаб қабылдаған.
«24 шілде күні Маңғыстау уақыты бойынша сағат 22:30-да «Қаратұрын Восточный» кен орнында 9 маусым күні болған №303 ұңғымадағы апаттың салдарын жою үшін тереңдігі 1200 метр көлбеу бағытталған №305-Н ұңғымасы арқылы бұрғылау жұмыстары басталды. Қызметкерлер AIDECO-160 станогын қолданып жатыр. 25.07.23 жағдай бойынша бағыттаушы түбінен 68 метр деңгейде бұрғылау аяқталды», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінгі күні бұрғылау жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.
«Көлбеу ұңғыманы бұрғылау жұмыстары телеметриялық мониторингпен және ұңғыманың өткізгіштігін, газ бөлінуін және бұрғылаудың барлық технологиялық параметрлерін бақылайтын кенжар құралын пайдалану арқылы жүзеге асырылып келеді. Бұл бізге апатты жою бойынша іс-шараларды қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Жұмыс іс-шаралар жоспарына сәйкес жүріп жатыр», дейді «Бузачи Нефть» ЖШС бас геологы Александр Касьяненко.
Баспасөз қызметі апат салдарын жою жөніндегі барлық іс-шаралар Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен, Маңғыстау облысының әкімдігімен және жергілікті басқару органдарымен келісілгенін хабарлайды.
Бұл кен орны кімге тиесілі?
«Бузачи нефть» ЖШС-не – AIL Alpha Corporation Ltd компаниясы арқылы Мұрат Сафин иелік етеді. Мұрат Сафин – MTA Securities & Investment Limited компаниясына тиесілі «Атыраумұнайгазгеология» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. Forbes-Қазақстанның 2013 жылғы рейтингі бойынша Қазақстанның ең бай 50 адамдары тізімінде №49 орында болған. Оның сол кездегі байлығы 82 000 000 долларға бағаланған.
Оның туған ағасы – Қанатбек Сафинов. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Оның өмірбаяны мұнай және энергетика саласымен тығыз байланысты. Өзінің карьералық жолын лауазымды қызметтерден бастаған. Кейінгі жылдары мемлекеттік маңызы бар ұлттық компанияларға басшылық еткен. Атап айтқанда, 2019 жылға дейін Қанатбек Сафинов «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ құқықтық қамтамасыз ету бойынша басқарушы директоры, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ-ың басқарушы директоры кейіннен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ың басқарушы директоры – басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігіның Жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жауапты хатшысы қызметтерінде істеген.