Көмірсутек қоры анықталмады: ҚМГ мен «Лукойл» бірлескен жобасын тоқтатты

Жарияланды (жаңартылды )
кмг
Фото: ҚМГ

«Жеңіс» геологиялық барлау бағытындағы оффшорлық мұнай-газ жобасында көмірсутек қоры анықталмады. Сондықтан жоба тоқтатылды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Өкінішке қарай, «Жеңіс» құрылымында іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау жұмысы нәтиже бермеді, көмірсутек қоры анықталмады. Геологиялық болжам расталмады», – деп мәлімдеді ҚМГ. Дегенмен, геологиялық бұрғылау жұмысының нәтижесінде алдағы уақытта ҚМГ-ның басқа да жобаларына қажетті жер қойнауының құрылымы туралы қосымша ақпарат алынды, деп атап өтті компанияда.

ҚМГ стратегиясы мұнай мен газдың ресурстық базасын көбейтуға бағытталған, бұл өз кезегінде, көмірсутек қорын молайту бойынша ұзақмерзімді жоспарды іске асыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта геологиялық барлау жобалары жүзеге асырылады, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кен орындарында қосымша барлау жүргізіледі.

«Геологиялық барлау саласында нәтижені дөп басып айту қиын. Бұрғылау қорытындысы бойынша көмірсутек қорын болжанған көрсеткіштен төмен болуы ықтимал, кейде тіпті ұңғыма бос болып шығуы мүмкін. Әлемдік статистикаға сәйкес, болжам деңгейі 20-30%-ды құраса, табысқа жету әбден мүмкін, бұл тәуекелге барып, инвестиция тартуға негіз бола алады», – деп хабарлады ҚМГ баспасөз қызметі.

Айта кететіні, «Жеңіс» – геологиялық барлау бағытындағы оффшорлық мұнай-газ жобасы. Оның операторы – «Жеңіс Оперейтинг» ЖШС және «Лукойл Қазақстан Апстрим» ЖШС, бұл компаниялардың жобаға қатысу үлесі 50/50.

Жоба басталмас бұрын оның нәтижелі болуы 20% деңгейінде бағаланды. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және учаскенің өнімді болуын нақтылау үшін «кэрри-қаржыландыру» тетігі бойынша Серіктестің («Лукойл» компаниясының) инвестициясы тартылды. Бұл ретте «кэрри-қаржыландыру» дегеніміз геологиялық барлау кезеңінде жобаға қатысушы Серіктес инвестицияның 100%-ын салып, алдағы уақытта өндіру есебінен бұл шығынын қайтарады. Ал геологиялық барлау кезеңі сәтсіз аяқталған жағдайда, жұмсалған шығын өтелмейді.

Еске сала кетсек, көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі келісімшарт 2019 жылдың 1 сәуірінде жасалған. Алғашқы міндеттемелер қатарында бір барлау ұңғымасын бұрғылау және 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізу болды, оған шамамен 60 млн доллар бөлу жоспарланса, жұмыстың екінші кезеңі 210 млн долларға бағаланды.

«Жеңіс» – Каспий теңізінің қазақстандық секторында 75-100 метр тереңдікте орналасқан. Жағаға дейінгі қашықтық – 80 шақырым, Қазақстанның «Ақтау» портына дейін – 180 шақырым. Ең жақын порттар – «Құрық» және «Ақтау». Лицензияланған жер қойнауы учаскесінің ауданы 6 848 мың шаршы шақырымды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз