Фото: kursiv.media
Риддер қаласының жылу жүйесін жөндеуге 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
ҚР Үкіметі өңірлердегі жылумен жабдықтау жүйелерін алдағы жылыту маусымына дайындау және жөндеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл ретте 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген ҚР Үкіметінің резервінен кезек күттірмейтін шығындарға Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына жалпы сомасы 8 млрд 400 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Қаражаттың басым бөлігі қазандықтар мен жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталады. Сонымен қатар бұл сомаға отын беру галереясы мен аспирация жүйесін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары да қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 23 наурызында Риддер ЖЭО-дағы №6 қазандық жанындағы отын беру галереясында жарылыс болған. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метрді құрайтын қоршау құрылымдарын қиратып, облыс көлемінде төтенше жағдай режимі жарияланған.
Еске сала кетсек, Риддер ЖЭО-ның қарызы 5,5 млрд теңгеге жеткен. Ол қарызды ЖЭО-ның жаңа иесі, Алматы мәслихатының депутаты – Әміржан Нәбиев өтейтінін мәлімдеген.