Жаңалықтар

Семейдің жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 16,3 млрд теңге бөлінді

Фото: kursiv.media

Үкімет Семей қаласының желілерін жаңғыртуға 16,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабаолайды Үкімет үйі.

Жалпы, Семей қаласының жылу желілерінің ұзындығы 322 шақырым, оның 68%-ы жөндеуді талап етеді. Кей бөліктердегі жылу желілері 100%-ға дейін тозған, өйткені олар 1966 жылы іске қосылған. Ескі желілерде өткен жылыту маусымында 337 апатты жағдай орын алды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21%-ға артық.

Семей қаласын жылыту маусымында сапалы қызметпен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтып әрі жылыту маусымында апаттардың болмауы үшін облыс әкімдігі жылу желілерінің тозығы жеткен бөліктерін анықтап, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген. Сараптамадан оң қорытынды алып, үкімет жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырды.

Осы мақсатта Үкімет резервінен 16,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оған Семей қаласындағы желілік сорғылар ауыстырылып, 1-ЖЭО-дан 1, 2, 3, 4 павильондарға дейін 5,8 шақырым магистралдық жылу желілері күрделі жөндеуден өтеді.