918 млн теңге: Үкімет орманшыларды өртке қарсы киіммен қамтамасыз етуге қаржы бөлді

Жарияланды
пожар
Фото: shutterstock

Орман өрт сөндіру стансаларының қызметкерлерін өртке қарсы киіммен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 918 млн теңге бөлінеді. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов қол қойды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл 30 табиғатты қорғау және 16 орман мекемесінің қызметкерлерін механикалық жарақаттанудан, гипотермияның, агрессивті сұйық құрамдардың, жоғары температураның әсерінен қорғауға, жұмысшылардың бастарын соққыдан сақтауға, сондай-ақ басқа механикалық әсерлерден қосымша қорғау үшін өртке қарсы киіммен жабдықтауға мүмкіндік береді деп көзделуде» делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығында өрт шығып, оны өз күштерімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болған еді.

11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққанын ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаржы министрі 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңге бөлінетінін қосымша әр балаға 2 млн теңге берілетінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз