Филиповка өзенінің ластану фактісіне қатысты «Қазмырыш» ЖШС жоспардан тыс тексеріледі

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2023 жылғы 27 шілдеде әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысының Филиповка өзенінің сүтті реңкке ие болып, ластануы туралы бейне жарияланды. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі пікір білдірді.

Министрліктің баспасөз қызметі осы факті бойынша экология, балық инспекциясы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Риддер қаласы әкімдігі және «Қазмырыш» ЖШС РТКБКөкілдерінің қатысуымен комиссиялық сапар жүзеге асырылғанын хабарлады.

«Өзеннің ластануы «Қазмырыш» ЖШС Риддер тау-кен байыту кешенінің қалдық қоймасына пульпа құбырының жарылуы нәтижесінде пайда болды, нәтижесінде жер бедеріне пульпа төгіліп, кейіннен өзенге түсті», делінген хабарламада.

Экология департаментінің қызметкерлері химиялық талдау үшін су сынамаларын алған. Сынамаларды ластану көзінен 500 метр жоғары және ластану көзінен 500 метр төмен жерлерден алған. Қазіргі таңда сынама анықталып жатыр.

Одан әрі ластануды жою мақсатында «Қазмырыш» ЖШС пульпа құбырларын босату бойынша жұмыстар жүргізіліп, ластанған жер учаскесі техникамен жиналып, қолданыстағы қалдық қоймасына орналастырылған.

Осы факті бойынша экология департаментімен»Қазмырыш» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру ашылған.

«Химиялық талдаулар және су объектісі мен балық ресурстарына келтірілген экологиялық залалды бағалау нәтижелері бойынша қылмыстық іс қозғау үшін тексеру материалдарын полиция органдарына жіберу мәселесі қарастырылуда. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыз