«Ашық НҚА» порталында «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құру мәселелері туралы қаулы талқыланып жатыр.
Қаулы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 33-бабына, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конситуциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 12 шілдедегі Қазақстан Респубикасының Конституциялық Заңына және «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 12 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі №115-өкімінің 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленген.
«Жобаны қабылдаудың мақсаты – Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания құру. Заңға сәйкес басқарушы компанияның мақсаттары Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу», делінген құжатта.
Басқарушы компанияның міндеті – мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету. Сонымен бірге активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз етуде бұл компания өзіндік рөл атқармақ.
Бұл жоба «Ашық НҚА» порталында 14 тамызға дейін талқылауда болады. Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Еске сала кетсек, 24 мамырда мәжілісте баяндама жасаған депутат Магеррам Магеррамов мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор құрылатынын мәлімдеген болатын.
7 маусымда Мәжіліс заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты заң жобасын мақұлдады.
Ал 12 шілде күні Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.
27 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов жыл басынан бері 94 млрд теңгенің активтерін қайтарғаны туралы мәлімдеді.