Қатты пайдалы қазбаларды барлау құқығын беретін онлайн аукцион жабық түрде өтеді

Жарияланды
Фото: shutterstock

1 тамызға жоспарланған қатты пайдалы қазбаларды барлау құқығына арналған сауда-саттық жабық өтеді.  «E-Qazyna.kz» цифрлық платформасында 29 жер қойнауының участогына барлау құқығы сатуға шығарылады. Бұл туралы «Ақпараттық-есептеу орталығы» жолдаған баспасөз хабарламасында айтылған.

Аталған орталық қатты пайдалы қазбалар бойынша онлайн аукцион өткізетін жеке функционал жасап шығарды. НҚА жасап шығару үшін Индустрия министрлігі осы процедурларға бес жыл жұмсады.

Ақпаратқа сәйкес, қатты пайдалы қазбаларға: жанатын қазбалар (торф, көмір,тақтатас), металл қазбалар (металл рудалары), металл емес қазбалар – бұл құрылыс материалдары (базальт, гранит жәнет.б.), сонымен бірге химиялық шикізат (тұз) жатады.

Осы уақытқа дейін мұндай кен орындарын барлау құқығын мемлекет жай аукциондар арқылы сатып келген. 1 тамыздан бастап сауда-саттық онлайн түрде өтеді. Осыған дейін жер қойнауы участоктарын қазу құқығына арналған электронды аукциондар көмірсутектер саласында ғана (мұнай-газ кен орындары) іске асырылатын. 2020 жылдың желтоқсанынан бастап көмірсутектерді барлау және қазу құқығына арналған 86 аукцион өтті. Бұл сауда-саттықта мемлекет 81 млрд теңге табыс тапқан. Бұл тұста жер қойнауы участоктары бойынша бастапқы баға 6,2 млрд теңге болған.

Айта кету керек онлайн сауда-саттыққа қатысушылар алдын ала Nedra.kz  порталына өтініш беруі керек және KazNedra-ға тіркелгендер ғана онлайн сауда-саттыққа қатыса алады. Сол себепті сауда-саттық жабық (шектеулі қатысушылар арасында) болып саналады. Оның мемлекеттік мүлік, көмірсутектер, радиожиілік спектрі бойынша өткізілетін өзге де мемлекеттік сауда-саттықтардан айырмашылығы осында.

Бұған дейін, ИИДМ баспасөз қызметі елімізде қатты пайдалы қазбаларды игеруге арналған алғашқы электронды аукцион тамызда өткізілетінін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз