Қазақстандағы 15 танымал стартап: тізімге кімдер енді?

Жарияланды
Фото: shutterstock

ITCOMMS PR-агенттігінің мамандары жақында қазақстандық стартаптардың рейтиңін жасап шықты. Рейтиң бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде ең көп аталған, жиі жазылғанына қарап түзілген. Соның нәтижесінде қазақстандық 15 танымал стартапты тізіп шыққан.

Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша стартаптардың көш басында Cerebra, Citix және Daryn.online тұр. Олар 2023 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусымы аралығында БАҚ пен желіде жиі аталған. Cerebra (606,9 мың) бірінші тоқсан нәтижесінде де бірінші орында. Одан кейін — 1Fit (443,4 мың) және Citix (337,5 мың). Екінші тоқсанда Citix жайлы жазылған ақпарат 2,5 есе өскен (957,8 мың). Ал Daryn.online туралы хабар бұл кезеңде 228,4 мыңнан 795,1 мыңға артқан. Агенттік рейтиң жасағанда Қазақстан республикасы аумағындағы жаңалық сайттары мен әлеуметтік желілеріне (Facebook, Twitter, Linkedin, WhatsApp, Facebook Messenger және т.б.) анализ жасап шыққан. Олар жыл басынан бастап, 30 маусымға дейінгі аралықта қазақстандық стартаптарға қатысты кілт сөздер арқылы жарияланымдарға шолу жасаған.

Ең танымал 15 стартап – 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы нәтиже мынадай:

  • Cerebra (1,6 млн)
  • Citix (1,2 млн)
  • Daryn.online (1,023 млн)
  • 1Fit (962,6 мың)
  • Naimi.kz (722,7 мың)
  • Arbuz.kz (718,6 мың)
  • Chocofamily (674,2 мың)
  • Relog (658,7 мың)
  • UvU (578,2 мың)
  • Med365 (485,5 мың)
  • TypiPay (380,1 мың)
  • ApartX (87 мың)
  • СТОgram (83,1 мың)
  • Clockster (45 мың)
  • Parqour (33,7 мың)

  

 Отандық ең танымал он стартап немен айналысады?

Cerebra – бірінші орында компания, жасанды интеллек саласындағы технологиялар жасаумен айналысатын Almaty A.I. Lab компаниясының жобасы. Атап айтқанда, стартап жасанды интеллектіні нейрорадиологияда қолданады. Бағдарлама инсультты бар болғаны 10 минут ішінде анықтауға, диагностика жасауға мүмкіндік береді. 2021 жылы Freedom Holding Corp. СЕО-сы Тимур Турлов Cerebra жобасын 1 миллион доллар көлемінде қаржыландырған еді. Жобаға қатысты кейінгі жаңалықтардың бірі — әлемдік MedTech Innovator медициналық технологиялар акселераторына қатысатын болғаны. Бұл дегеніміз стартаптың әлемдік деңгейде танылуына үлкен мүмкіндіктің ашылғанын білдіреді. Акселерация аясында қазақстандық жобаға медициналық жабдық өндірісінде 90 жылдық тарихы бар, сала көшбасшыларының бірі саналатын Zimmer Biomet менторлық жасайтын болды.  

Citix – желі мен БАҚ-та танымалдығы бойынша екінші тұр. Стартап AdTech және Smart City салаларына кешенді интеллектуал шешімдер ұсынып келеді. Қаладағы инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған инновациялық өнімдер жасайды. CITIX-тің ең танымал өнімі — смартборд. Өздері жасап, патенттеген EYWA бағдарламалық жасақтамасы арқылы жұмыс істейтін толыққанды қалалық гаджет. Бұл қаладағы қызмет түрлерімен интеграцияланған. Онлайн режимде әлеуметтік және жарнама контентін трансляциялайды. Яғни 3D-жарнамалар, толықтырылған реалити эффектісі бар WOW-контент, ретаргетиң, тәулік мезгілі мен ауа-райына байданысты ауысып тұратын жарнама креативтерін жасайды. Бүгінде Астана мен Алматы қалаларында жеті смартборттың 80-нен астам конструкциясы орнатылған. ISE Amsterdam премиясының Digital Signage Award номинациясын иеленген. Мәскеуде өткен Outdoor & Digital Awards сыйлығының «Ең үздік инновациялық жоба» аталымында жеңіске жеткен. 

Daryn.online. – Бірнеше қазақстандық IT-жобаның басын біріктірген Bugin Holding-тің флагман өнімі. Бұл — жаңа заманға сай білім беру платформасы. Мектептегі барлық негізгі пәндер мен мектептен тыс сабақтар бойынша қосымша оқуға мүмкіндік береді. Айталық, математика, физика, Қазақстан тарихы, бағдарламалау және т.б. Одан бөлек, ҰБТ-ға дайындық, оилмпиадаларға арналған тестілер де бар. Платформаны оқушыларға ғана емес, мұғалімдер де пайдалана алады. Bugin Holding құрамында Ordagen, Daryn Tandau, Daryn Teacher, Bugin.kz және EduСenter сынды өзге де жобалар бар.

 1Fit — түрлі жаттығу залы, бассейн, йога және би студияларына баруға мүмкіндік беретін бірыңғай фитнес-абонемент ұсынатын компания. Мобайл қолданба арқылы клиенттер Қазақстанның Астана, Алматы және Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау және Павлодар қалаларының залдарына бара алады. Бүгінде 1Fit кэш флоу позитив стартап десек болады. Өйткені оның табысты unit -экономикасы бар. Мысалы компанияның gross profit margin деңгейі — 72 пайыз. 2022 жылғы табысы 12 миллион доллар болған. Бұл одан бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 151 пайызға жоғары.

Naimi.kz – тұрмыстық шаруаларды істейтін адамды жедел табуға және сондай қызмет ұсынатындарға клиент табуға көмектесетін сервис. Бірнеше жыл бұрын компания 5 миллион долларға бағаланған еді. Бастапқыда клиниң қызметін ұсынатын агрегатор ретінде басталып, кейін біртіндеп өзге де қызметтер қосылған. Атап айтқанда, электрика, сантехника, жөндеу жұмыстары және т.б. Мобайл қолданбаға тұтынушы не маман ретінде тіркеліп, өзіңізге керек қызметті ала аласыз. Өтінімді байланыс орталығына хабарласып жүрмей-ақ, әркім өзі қолданбада қалдырады. 2022 жылғы дерек бойынша, платформада 800 мыңнан астам маман тіркелген. Оның ішінде 35 мыңы тұрақты түрде қызмет ұсынып тұрады екен. Стартап басталған кезден бері 3 миллион доллардан астам инвестиция жұмсаған. Инвесторлар қатарында Дінмұхамед Ыдырысов пен Тимур Турлов секілді Forbes Kazakhstan рейтиңінің қатысушылары бар.

Arbuz.kz – отандық онлайн-супермаркеттердің ішінде ең танымал сервистердің бірі саналады.. Күніне 20 мыңнан астам клиент қолданады. Тәулігіне екі-үш мыңнан астам тапсырыс түсіп отырады. Ал компанияның айлық түсімі — 1 миллиард теңге. Бұл — ашық дереккөздерде бар кейінгі деректердің бірі. Онлайн-супермаркет Алматы мен Астана қалаларында жұмыс істейді. Одан қала берді АҚШ нарығына Pinemelon деген атаумен 2022 жылы кірген еді.  

 Chocofamily — Қазақстанда ең ірі IT-компания. Интернет-холдиң құрамында алты бірдей компания бар. Оның ішінде әуе және темір жол билеттерін сатып алатын сервис, тамақ жеткізетін, дәрігерлер табуға көмектесетін, ұжымдық сауда қызметін ұсынатын, мобайл адалдық бағдарламасы және көзге арналған линзалар сататын интернет-дүкен бар. Нарықта жүргеніне 13 жыл болған. Одан бері табысы еселеп, 345 есе өскен. 

Relog — көлік логистикасын оптимизациялауға арналған бұлтты сервистер жасайтын халықаралық компаниясы. Өнімдері көлік шығындарын азайтып, ең қиын деген логистиканың өзін басқаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Relog Қазақстан, Ресей, Украина елдерінде жұмыс істейді. Компания жұмысын бастаған кезден бері ТМД бойынша жүзден астам компаниямен келісімшарттар жасасқан. 

 UvU — сапарларды қауіпсіз етуге көмектесетін сервис. 2021 жылдың басында іске қосылған. Сервистің ерекшелігі — көліктерді әйелдер жүргізеді. Ата-аналар балаларын мектепке, үйірмелерге қорықпай жібере алады. Одан бөлек, тек әйел жүргізушілері бар такси қызметі де қосылды. Шамамен, 15 минут ішінде көлік табылады. Бағасы болса, әдеттегіден 5-10 пайызға қымбаттау болуы мүмкін. Платформаға алты мыңнан астам қолданушы тіркелген. Оның ішінде 1,5 мыңға жуығы тұрақты тұтынады. Жеке венчурлық қорлардан 330 мың доллар pre-seed инвестиция тартылған.     

MED365 — медициналық тексеріс жасауға керек барлық жабдығы бар аппарат. Мысалы тонометр, термометр, алкотестер және пупиллометр. Осының барлығы бірыңғай жүйеге софт арқылы біріктірілген. Осы жүйенің арқасында бір адамға медициналық тексеріс жасауға 1 минуттай ғана уақыт кетеді. Жасанды интеллект жиналған ақпарат нәтижесінде анализ жасайды. Осылайша денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, дереу анықтайды. Бұл дегеніміз медициналық қызметкердің бұл туралы уақытылы хабардар болып, қызметкерді тексеріске жіберуге көмектеседі. Осылайша қызметкерлер жұмысқа мас күйінде не қан қысымы жоғары кезде жіберілмейді. Ол болса, түрлі қайғылы жағдайдың алдын алады.    

Сондай-ақ оқыңыз