Павлодарда ірі синтетикалық есірткі өндірісі анықталды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
«2023 жылғы 30 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысы аумағында синтетикалық есірткінің ірі жасырын өндірісін жою бойынша операцияны жүзеге асырды. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады», делінген баспасөз хабарламасында.
Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты, прекурсорлар, сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы табылып, тәркіленген. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
31 шілде күні Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталған болатын.
Ал 28 шілде күні ҚМА аумақтық департаментінің қызметкерлері Шымкент қаласында аса ірі көлемде жалған шетел валютасы мен есірткі заттарын сатумен айналысқан бір топ тұлғалардың заңсыз әрекеттерін анықтап, жолын кесті.