Қазақстанда вейпке толық тыйым салынады – Қаржы министрі

Жарияланды

Қазақстанда вейпке толық тыйым салу туралы шешім қабылданады, деп хабарлады Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

«Заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп жатыр, олар оны ведомствоаралық комиссияға берді, біз оны қарадық. вейптерге толығымен тыйым салу туралы шешім сөзсіз қабылданды», деп жауап берді журналистерге Жамаубаев сейсенбі күні үкімет отырысынан кейін өткен жиында.

Оның айтуынша, қазір вейптерді сатуға тыйым жоқ, бірақ тыйым салу туралы тиісті заң күшіне енген бойда контрабанданың алдын алу үшін барлық ресурстарды пайдаланады.

«Менің ойымша, бұл дұрыс шешім. Денсаулық сақтау министрлігінде вейптің қауіптілігі туралы толық ақпарат бар. Біз оның салдары туралы да білмейміз. Мұны балалардың қолданатынын ескерсек, қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздік мәселесіне кеп тіреледі. Сондықтан біз толығымен тыйым салып, заң күшіне енгеннен кейін вейптердің айналымына жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауға көшеміз. Вейптердің бюджетке де пайдасы жоқ, денсаулыққа да пайдасы жоқ. Қаржы министрі ретінде мен вейптердің айналымының жалғасуына үзілді-кесілді қарсымын»,- деді ол.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма басшысы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин Қазақстанға дизайны мен хош иісі жарқын вейптерді әкелуге және сатуға тыйым салуды ұсынған болатын. Байгенжиннің пайымдауынша, вейпті тұтыну 10 жылдан кейін өкпе ауруымен ауыратын науқастардың көп болуына әкеледі.

Оның айтуынша, электронды темекі сату 2006 жылы басталып, кейін оның құрамында тек никотин болған, ал 2017 жылы вейп деп аталатын хош иістендіргіш электронды темекілер шығарыла бастаған.

Сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтты.

«Бұл өнім құрамында өкпеге зиянды қоспалар бар. Ол қоспалар өкпе эпителийін зақымдайды.Бүгінде электронды темекіні оқушылардың көп тұтынуына байланысты Қазақстан өкпе аурулары бойынша қауіпті аймақта тұр», дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.  

Депутаттар Еділ Жаңбыршин, Жұлдыз Сүлейменова, Ғалымжан Елеуов, Дәулет Тұрлыханов және Гүлдара Нұрымова осы мәселеге қатысты Үкімет басшысына бірнеше депутаттық сауал жолдап, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте кеңінен талқылаған.

Дүниежүзідік Денсаулық ұйымының мәліметінше,  33  мемлекет электронды темекі сатуға тыйым салса, 79 ел бұл өнімді қоғамдық орындарда тұтынуға, жарнамалауға, дамытуға, бұл өнімдерге демеушілік жасауға тыйым салған.

Сондай-ақ оқыңыз